«Жасыл ел» жазғы маусымдық болғандықтан, студенттерге тіпті ыңғайлы – студент
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жұмысы 2005 жылдан бері табысты түрде жүзеге асырылып келеді. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда бұл бастаманың орны ерекше.
Бұл туралы жергілікті әкімдіктің жастар саясаты басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа айтты. Оның сөзінше, жасылелдік жастар аймақтағы бұлақ көздерін ашып, қала көшелеріндегі тазалық жұмыстарымен де айналысады.
Биылғы маусымдық жұмыстың ашылу салтанатын Тараз қаласындағы жақында ғана жаңғыртылған «Мамыр» саябағында ұйымдастырдық. Жасылелдіктердің алдағы жұмысына жылы лебізін білдіруге келгендердің де қатары аз болмады. Десе де, карантин талаптарын жоғары деңгейде сақтап, жастарға алдағы еңбек маусымында сәттілік пен табыс тіледік, - деді Серікбол Қайратұлы.
Ол осы жылғы «Жасыл ел» еңбек жасағына 53,4 млн теңге бөлінгенін де мәлімдеді. Бұл қаражатқа мыңға жуық жұмыссыз, NEET санатындағы жастар маусымдық жұмыстарға тартылады. Ал қазіргі таңда 308 азамат «Жасыл ел» қатарында еңбек етіп жүр. Олардың айлық көрсеткіші биыл 60 000 теңгенің шамасын құрап отыр. Бұл былтырғы айлық көрсеткішпен салыстырғанда көтерілгенін көрсетеді.
Былтырғы «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамында болған 1500-дей жас 42 500 теңге көлемінде айлық жалақы алған болатын. Айта кетерлігі, студенттік еңбек құрылыс жасақтарына да атсалысқан 84 студент құрылыс жұмыстарына араласып, олар да осы мөлшерде қаражат алған, - деді басқарма басшысы.
Жамбыл облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Ермек Мейіржанның пайымынша, мемлекет тарапынан жастардың игілігі үшін жасалып жатқан оң істер аз емес. Олар кәсіпкерлік, әлеуметтік, білім секілді барлық саланы қамтиды.
Мұндай іс-шаралар бізді, яғни жастарды қуантады. Ал «Жасыл ел» жазғы маусымдық жұмыс болғандықтан, студенттерге тіпті ыңғайлы деп есептеймін. Себебі, үш айлық демалысымызды текке өткізбей, туған қаламызды тазарту арқылы айлық алып отыру әрбір студентке таптырмас мүмкіндік деп айтар едім. Мен былтыр «Жасыл елдің» құрамында қызмет атқарып жүріп, республикалық «Үздік командир» номинациясын жеңіп алдым. Бұл үлкен жетістікке бастар кішігірім баспалдақ деп білемін, - дейді жас еңбеккер.
Ал «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының «жауынгері» Еркін Инабат мұнда биыл алғаш рет жұмыс істегелі жатқанын айтады.
Бұл жақтағы атмосфера маған ә дегеннен-ақ ұнады. Біз тек тазарту жұмыстарымен айналысып қана қоймай, түрлі ойындар ойнап, уақытымызды тиімді әрі көңілді өткіземіз. Мен жаңа ортаға түсіп, достар тапқаныма қуаныштымын, - дейді ол.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба республиканың жас азаматтарының тек қана елдің көгалдануына ғана емес, оған қоса біздің ортақ шаңырағымыз – Қазақстанның өркендеуіне жауапты жаңа буынын тәрбиелеуді мақсат тұтады.