«Жасыл ел» жастар жасағы жұмысын бастайды

 

Атырау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Атырау облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына мыңға жуық жас тартылады. Бұл жоба жастарды табиғатты қорғауға, еңбекке баулып, түрлі дағдыларды меңгеруге зор ықпал етеді. Аталмыш маусымдық жобаны «Жеті жарғы» қоғамдық қоры жеңіп алған.

Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының 2021 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасы аясында қала бойынша - 300, аудан бойынша 700 жас көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс бағыттары бойынша уақытша маусымдық жұмысқа тарту жоспарланып жатыр. Елімізде «Жасыл ел» бағдарламасы елбасының бастамасымен биыл 16-ыншы жыл жүзеге асып жатыр. Бұл жастарымызды экологиялық сауаттылыққа тәрбиелеп, сондай-ақ еңбекке, қоршаған ортаны қорғау, құрылыс жұмыстарының дағдыларын игеруіне ықпал болып келе жатқан ауқымды жоба. Биыл 17 маусымда ашамыз, - дейді Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығы басшысы Серік Қадыров. 

Жобадағы әрбір жасқа 65 мың теңге еңбекақы төленеді. Дейтұрғанмен бұл қаражаттан жұмысшының зейнетақы, медициналық төлемдері ұсталып, қолына 50 мың теңгеден астам ақы алады екен. Сондай-ақ, жауапты қоғамдық қор өкілдерінің айтуынша, арнайы киімдері де беріледі.

1000 жас сарбаз 65 000 теңге еңбекақы және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары логотипі бар арнайы киім жабдықтарымен, яғни жейделер, бас киімдер, спорттық киімдермен қамтамасыз етіледі. Еңбек жасағына Атырау облысының жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, жұмыссыз жастар шақырылады деп күтілуде. Бұл жобаның екі бағыты бар. Бірі көгалдандыру, екіншісі құрылыс. 16-29 жас аралығындағылар жұмысқа қабылданады. Біз әлеуметік желідегі парақшалар арқылы жарнамаларын саламыз. Оған қоса әр өңірдегі Жастар ресурстық орталықтарынан да толық ақпарат алуға болады. Жалпы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасын ұйымдастыру мақсаты өңірдегі жастарды маусымдық жұмыспен қамту, жұмыссыз жастардың санын азайту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастардың табиғатқа, қоршаған ортаға деген сүйіспеншіліктерін арттыру болып табылады, - дейді «Жеті жарғы» қоғамдық қорының жетекшісі Абылай Құрметұлы. 


 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы