«Жасыл ел» 15 жылда қандай жұмыс атқарды?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары кеңесінің І отырысында республикалық штабтың жетекшісі Азамат Данияр «Жасыл елдің» атқарған жұмыстарымен және алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары 2005 жылы Елбасының бастамасымен құрылған. 16 жыл бойы жұмыс істеп келеміз. Былтыр 15 жылдық мерейтойымызды атап өттік, - деп айтты ол.
Осы ретте Азамат Данияр 15 жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
15 жыл ішінде 300 мыңнан аса жасты жұмыспен қамтыдық. 44 млн-нан аса ағаш отырғыздық. Сонымен қатар 180 мың гектар жерде сарбаздарымыз («Жасыл ел» жастары – ред.) әр түрлі жұмыстарға тартылды. Одан бөлек мемлекеттік маңызы бар бағдарламаларға, атап айтқанда «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автомагистралінің салынуына және «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі», Экспо ғимаратының салынуына «Жасыл елдің» қосқан еңбегі бар, - деп түсіндірді «Жасыл елдің» жетекшісі.
Оның сөзінше, жыл сайын «Жасыл ел worlds» жобасы жүзеге асырылады.
15 жыл бойы жұмыс істеп келгенімізбен, қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірге «Жасыл елдің» жаңа жұмыс жүйесін әзірлеп жатырмыз. 2016 жылға дейін бізде біркелкі республикалық штаб жүйесі болған. Ал 2017 жылдан бастап жүйе өзгеріп, әкімдіктерде, жергілікті органдарда «Жасыл ел» штабтары ашылып, жұмыс жалғасып келеді. Осыған байланысты енді жүйені біркелкі етуді мақсат етіп отырмыз, - деп атап өтті Азамат Данияр.
«Жасыл ел» республикалық штаб жетекшісі атап өткендей, қазіргі күні «Жасыл ел» Шымкент қаласын қоспағанда 16 өңірде бар. Сонымен бірге жыл сайын жұмыс істейтін сарбаздардың саны 20 мың адамды құрайды. Оның санын 30 мың адамға дейін ұлғайту жоспарда бар. Отырыс кезінде Азамат Данияр «Жасыл елдің» негізгі бағыттары туралы түсіндіріп берді.
Ең негізгі бағыты – экологиялық бағыт, яғни ағаш отырғызу. Сонымен қатар құрылыс жасақтарында жұмыс істейтін жастарымыз бар. Одан бөлек Media жасақтарын ашуды көздеп отырмыз. «Ауыл шаруашылығы», «Педагогикалық» жасақтарды ашуды жоспарлап отырмыз. Жаңа жүйеге көшкен кезде республикалық штаб 3 негізгі сұрақпен айналысады. Біріншісі - идеологиялық мәселелер, екіншісі – ұйымдастыру жұмыстары және медиа саласы бойынша атқарылатын жұмыстар, - деп айтты ол.
Еске сала кетейік, кеңес Әлия Назарбаеваның төрағалығымен отырыс өтті. Кеңеске Парламент Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, табиғат қорғау ұйымдары мен қауымдастықтардың, республикалық жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.