"Жасы мен денсаулығы маңызды": ҚМДБ құрбан шалудың ережелерін ескертті
ҚМДБ Құрбан айтта құрбан шалудың шариғат талаптарын түсіндірді.
Құрбан айт қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халыққа құрбан шалудың шариғаттағы талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚМДБ төрағасының орынбасары Сансызбай Ғажапов құрбандық шалудың мұсылман баласы үшін маңызды құлшылықтардың бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, құрбандық – жағдайы жететін мұсылманға уәжіп амалдардың бірі.
Құрбандық дегеніміз – белгілі уақытта, белгілі малды Алла разылығы үшін шын ниетпен бауыздау. Құрбан шалу үшін шариғатта нақты талаптар бар,– деді ол.
Маманның түсіндіруінше, құрбандық Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін шалынады. Ал құрбандыққа шалынатын малдың жасы да шариғат талаптарына сай болуы қажет.
Қой мен ешкі бір жасқа толып, екінші жасқа өткен болуы керек, сиыр екі жасқа толған болуы тиіс. Ал түйе бес жасқа толуы қажет,- деді ол.
Сонымен қатар құрбандыққа шалынатын малдың дені сау, кемшіліксіз болуы маңызды екені айтылды.
Жиын барысында мамандар құрбан шалуда ниеттің тазалығы мен шынайылыққа ерекше мән берілетінін жеткізді.
Құрбандықтың негізгі мәні – Аллаға жақындау, тақуалық пен ықыласты күшейту,– деді спикер.