Жастарымыз 31 мамыр қандай күн екенінен бейхабар – Жұмабек Ашуұлы

Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлымен сұхбаттасқан еді.

– XX ғасырдың I жартысында орын алған саяси қуғын-сүргін жайында тарқата отырсаңыз?

– Тарих бетінде қалған осынау қаралы жылдар – халық жадынан ешқашан өшпейтін қасіреттің таңбасы, тұтастай ұлттың трагедиясы. Кеңестік репрессия ең бірінші Алашорда азаматтарының соңына түсті. Одан кейін сәл босаңсып, 1928 жылы түгел дерлік алашордалықтарды жазықсыз түрмеге қамады. 1937-1938 жылдары қазақтағы барша зиялы қауым өкілдерін қырып жіберуге дейін апарды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғалымдарымызды, тарихшыларымызды итжеккенге айдады. Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов, Мұхтар Әуезов Мәскеуге кетіп аман қалды. Қазіргі таңда көбісі ашаршылық пен саяси репрессияны бір-бірінен бөліп жатады. Менің ойымша, екеуі екі түрлі емес. Олардың астарында жатқан үлкен мән бар. Оны терең түсініп, зерттеуіміз қажет.

– Саяси қуғын-сүргіннен қанша қазақ қаза болды? Осы жайлы тоқтала кетсеңіз.

– 1897 жылы санақ бойынша, қазақтардың саны 4 млн 800 болған. А.Байтұрсыновтың 1913 жылы айтқан "Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз!" деген сөздері бар. Орыс ғалымы Чулошников 1921 жылы Орынбор қаласында шыққан еңбегінде 1911 жылы қазақтардың саны 8,5 миллион болған дейді. Бұл тарихи құжат түріндегі бір дерек. Сондай-ақ халық жазушысы Смағұл Елубай: "Ұлы Октябрь революциясының тарихы" деген архивтік құжатта 1917 жылы қазақтардың саны 10 миллион деп келтірілген екен. 1897 жылы 4 миллион 84 мың қазақтан 10 миллион қазаққа дейін өскен. Мен өзім 1897 жылғы санаққа сенбеймін. Себебі патшалық Ресей құмның арасында, таудың бөктерінде тұратын ауылдар бар олардың барлығын іздеп, зерттеп барып жасады дегенге сенбеймін. Оның үстіне қазақ ешқашан баласының санын айтпайды, оншақты баласы болса да "2-3 қара домалақ жүр" дейтін шығар" деп қайырады. Сондай-ақ біз 6 миллион қазақ деп есептесек те, 1939 жылы 3 миллион қазақ болған. Сонда пайызбен есептесек, халықтың 67%-ы қырылған. Ал енді 10 миллион қазақ деп есептесек, халықтың 77%-ы жоқ. Қазақ тек 1937 жылдары ғана қырылған жоқ. 1918-1921 жылдардың аралығында Азамат соғысы жүріп жатқан кезде де қазақтар қаза болды. Ашаршылықтан өтіп, халық есін жия бастаған кезде 1925 жылы дін қызметкерлерінің соңына түсіп, жер аударып, атып, түрмеге қамаған. Қазақтар Кеңес үкіметіне қарсы 1929-1932 жылдары 273 рет көтеріліске шықты десе, саяси репрессия құрбандарын ақтау комиссиясының деректері бойынша, 560-тан аса көтеріліс болған екен. Ол көтерілістің бәрі қарулы күшпен басылып отырды. Осы кезеңде де халықтың біразы қаза тауып, кейбірі әртүрлі елдерге кетті. Кезінде белгілі демограф марқұм Мақаш Тәтімовтің айтуы бойынша, 1932-1933 жылдары ашаршылық болмағанда қазақтардың саны 60 миллионға жетуі керек еді. Кейбір тарихшы ғалымдар одан да асырып айтып жүр. Ашаршылық болмаса, солай да болуы керек еді.

– Саяси репрессияның орын алу себебі туралы не айтар едіңіз?

– Қазақтың бағы да, соры да – кең байтақ жері. Патшалық Ресей болсын, Кеңес өкіметі болсын, бәрі де қазақты ұлт ретінде жоюға бағытталған саясат ұстады. Мынадай мысал келтірейін, 1932 жылы Ораз Исаев Сталинге телеграмма жібереді, "халық қырылып жатыр, аң аулауға рұқсат беріңіздер" деп. Куйбышев қол қойған телеграмманың мәтіні бар бізде, сонда "Аң ауласаңдар, жауапқа тартыласыңдар" делінген. Қазаққа қандай қысастық жасалғанын осыдан-ақ байқай беріңіздер. 31 мамырды ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске ала отырып, қасірет күні деп атайық деген әңгіме шығып жүр. Шын мәнінде, қасірет күні деп белгілеуіміз керек. Әр күнді жеке-жеке белгілей беру де дұрыс емес сияқты. Иә, қайсыбір жүйе болсын, солардың саясатының кесірінен қазақтар осындай нәубетке, алапат қырғынға ұшырап отырған. Осынау өткен ауыр да зұлмат тарихымызды біз қалай бағалап келе жатырмыз деген сауалдарды қолға алуымыз қажет.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарына саяси баға берілді ме? 

– Смағұл Елубаев сілтеме жасаған орыс ғалымы Чулошников ХХ ғасырдағы алғашқы аштық 1916 жылы болды дейді. 1921 жылғы ашаршылықта ғалымдарымыздың дерегіне сүйенсек, 1 млн-нан аса қазақ қырылса, 1931-1933 жылдары 2,5 млн қырылып,1,5 млн босып кеткен. 1913 жылы 44 млн малдан 1934 жылы 4 миллиондай мал қалған. 1929-1932 жылдары малынан айырылған қазақтар 370-тен аса көтеріліске шыққан. Бұл бала-шағасын, жанын сақтап қалу күресі болатын. Солардың бәрін қан-жоса қылып қарудың күшімен қырып салды. Сол көтеріліске қатысқандар банданың құрамында болды деген желеумен ақталмаған еді. Енді 2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың №456 Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы комиссия солардың бәрін анықтап, ақтау жөнінде қыруар жұмыс атқаруда. Жерді беталды жырта беруге қарсы шыққан сол кездегі ҚССР КП бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов қызметтен алынды. Жұмабек Тәшенов Қазақстанның Қостанай, СҚО, Көкшетау, Целиноград, Павлодар облыстарын Ресейге беруден сақтап қалғанымен, өзі қызметтен алынды. Кейінгі кезде жас зерттеушілер архив материалдарымен танысып, "ұлы деп жүрген қазақтар бәрі бірін-бірі сатыпты" деген әңгіме шығарып жүр. Ал олар ондай қағазға қол қойғанша қандай азаптаудан өткенін түсіне ме екен? Біздің Қауымдастықты құрған Бекболат Жанпейісұлы Мұстафин 18 жыл өмірін итжеккенде өткізген. "Мен НКВД қолына түсіп қол қойған адамға өкпелей алмаймын. Өйткені қалай қойғызатынын білемін. Өзім де жапонның шпионы екенімді мойындағанмын", – дейтін. Сондықтан жас зерттеушілер "архивтен алдым" деп материалдарға үстірт қарауға болмайды. Айлап азапталып, күнде аяусыз соққының астында болған адамның жағдайын түсініңдер! Өздеріңді сол тұтқындардың орнына қойып көріңдер! Олардың бүгінгі қалған ұрпақтарын жауластырмаңдар!

– Осы кезеңдерде аянбай еңбек еткен тұлғалар жайлы айта кетсеңіз?

– Қазақ халқының тарихында есімдері алтын әріппен жазылып қалған тұлғалар аз емес. Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Мағжандардан бөлек, тасада қалып қойған азаматтар көп. Шығармашылығы толық зерттелмеген тұлғалар, тек қана біржақты баға берілген азаматтар бар. Мысалы, Смағұл Сәдуақас, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтердің қайраткерлігі, публицистикасы, шығармашылығына әлі нақты баға беріліп, толықтай зерттелген жоқ. Олардың ғұмырында біз білмейтін тұстар әлі көп. Сонымен қатар, қуғын-сүргін, репрессия кезінде шетелге кетуге мәжбүр болған қазақ азаматтары бар. Тек қарапайым ғана халық үдере көшкен жоқ, олардың басында халықты, елді шашыратып алмас үшін уысында ұстап, оларды аман сақтап қалу үшін аянбай еңбек еткен тұлғалар бар. Сондай-ақ, аласапыран кезеңдерде туған еліне ес болып, бағыт-бағдар көрсеткен жандардың орны ерекше.Олардың бірі де бірегейі Жұмабек Тәшенов. Ол ең әуелі ел байлығы мен ұлттық құндылықтарды отаршылдардың қанды шеңгелінен қорғаштап бақты. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанынан басталған жер мәселесіндегі қитұрқы саясатқа қасқая қарсы тұрып, азуы кереқарыс КСРО басшыларымен айқасты. Биік мансаптан ұлттық мүддені жоғары қойғаны үшін елдің бірінші басшысы болуына бір-ақ қадам қалғанда қызметінен алынып, Шымкентке қуылды.

– Енді осы күнді еске алу мәдениетіне тоқталып өтсек.

– Жастарымыздың кейбірі 31 мамырдың қандай күн екенінен мүлдем бейхабар. Кейбір аймақта Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштер орнатылмаған. Тіпті, сол күні жастарымыз Алаш боздақтарына тағзым жасау үшін қайда баратындарын да білмей жатады. Бұл күні мен мұсылманмын деген әрбір қазақ мешітке барып, құран бағыштап, дұға тілеуі керек деп ойлаймын. Бұл әрбір қазақтың қолынан келетін іс. "Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты – Қырандай күштi қанатты. Мен жастарға сенемiн! Көздерiнде от ойнар, Сөздерiнде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемiн!", – деп Мағжан атамыз атап өткендей, жастарға сеніміміз мол. Олардың 31 мамыр Қазақстан халқы үшін жай күн емес екенін жадында сақтап, өткеннен өнеге алатынына сенімдіміз.

–  Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы