Жастары кітапқа құмар ұлттың келешегі жарқын – Абаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматыда тұңғыш өткізілген «Алматы кітап жәрмеңкесінің» ашылуына қатысты.
Оқырман қауымға өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, ақындарымыз жырдан жақұт төккен ашық аспан астындағы кітап мерекесінен ерекше рухтанып қайттық, - деп жазды министр.
Мәдениет және спорт министрлігі Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған жәрмеңкеде 50-ден астам баспа мекемесі мен кітап дүкені өз өнімдерін ұсынды. Олардың арасында көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей елдерінен арнайы келген делегециялар да бар.
Күн жауын болғанына қарамастан жәрмеңкеде алматылықтар мен қала қонақтарының қарасы қалың екенін көріп, марқайып қалдық. Көбісі жасөспірімдер мен балалар екені де көңіл қуантты. Жастары кітапқа құмар ұлттың келешегі жарқын. Игі бастамаға қолдау білдірген Алматы қаласының әкімдігіне зор алғысымды айтамын! Достар, баршаңызды кітап жәрмеңкесіне шақырамын! Отандық кітап нарығын бірге дамытайық, - деді ол.