Жастарға таңдау жасар сәт туды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан студенттер альянсы республикалық қозғалысының президенті Ілияс Түстікбаев «Жаңа Қазақстан: Жастардың бірлігі мен жауапкершілігі» атты республикалық телекөпір барысында айтты.

Оның айтуынша, қазір қазақ жастарына таңдау жасар сәт туды. Жаңа Қазақстан – үлкен өзгерістер уақыты. Бұл қазақ жастарының бірлігі мен жауапкершілігін керек ететін сәт.

Қазір Жаңа Қазақстан, екінші республика деп жатырмыз, мұның барлығы бос сөз, жай ұран ғана емес. Бұл жастардың, жалпы қоғамның өзгеруін қажет ететін заман. Жаңа Қазақстанды - бірлесіп, бірігіп құратын уақыт. Әр бастамаға өз үлесімізді қосып, жастар алдыңғы қатарда болып, сол істерді бірге іске асыру кезеңі туып отыр,-деді қозғалыс президенті.

Сонымен қатар ол қазір мемлекет басшысының тарпынан да, мемлекеттік бағдарламалармен де жастарға жан-жақты мүмкіндік пен қолдау жасалып отырғанын айтып өтті.

Өзім студенттік кезден волонтерлікпен айналыстым, қазір республикалық ұйымда жұмыс атқарып жатырмын. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі жанындағы студенттер кеңесін басқарамын. Яғни, мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді қолдандым. Қазіргі ең үлкен жетістігімнің бірі ол – тегін білім алу арқылы баклаврды, магистратураны және докторантураны гранттық негізде білім алуым. Бұл жастарға деген үлкен мотивация болу керек. Себебі білім жолында әрдайым оқып, зерттеумен айналысуымыз керек. Өйткені Жаңа Қазақстанды құратын білімді, алға ұмтылатын алғыр жастар,-деді Түстікбаев.

Сондай-ақ ол қоғамдық жұмыстарға қатысып жүрген жастар да үлкен жетістікке жете алатынын айтты.

Қоғамдық жұмысты жай жұмыс деп қарамай, тәжірибе жинайтын, әр өңірден түрлі әріптестер табатын сала ретінде қарау қажет. Осы салада 7 жылдай еңбек ете отырып, қазір жастар саласындағы ең жоғарғы награда «Дарын» жастар сыйлығының иегері атандым. Қоғамдық, волонтерлік салада жүріп «Халық алғысын» мемлекет басшысының қолынан алдым. Мұның барлығы жастарға көптеген мүмкіндіктер жасалғанын көрсетеді, тек соны қолдана білуіміз керек. Яғни Жаңа Қазақстан құрудағы өзімізге артылған жауапкершілікті сезініп, алға қойған мақсаттарымызды іске асыра білуіміз қажет,-деді ол.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы