Жастарға қауіпсіз, өркениетті әлемді, оларға болашақта қажет болатын білімді аманат етіп қалдырғымыз келеді – Президент
Президенттің пікірінше, жасанды интеллектіні қарқынды енгізудің нәтижесінде есептеу қуатына сұраныс көбейеді, ал бұл энергия жүйелерінің жүктемесін арттырады.
AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикадағы ахуал туралы сөз қозғады.
Оның пікірінше, жасанды интеллектіні қарқынды енгізудің нәтижесінде есептеу қуатына сұраныс көбейеді, ал бұл энергия жүйелерінің жүктемесін арттырады.
Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтары 950 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр қуатын тұтынуы мүмкін. Бұл – 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есе жоғары. Мұндай жағдайда энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оны тиімді қолдану технологиялық бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарты саналады. Сондықтан Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Ресеймен серіктестік негізінде салынатын алғашқы «Балқаш» станциясының құрылысында «Росатом» корпорациясы жетекші рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымдауынша, көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыс та стратегиялық мәнге ие.
Омбыда өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумында жүк тасымалын жетілдіруге, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын басқаруға арналған қазақстандық Smart Cargo және AI Jol жобалары таныстырылды. Қазан айында елдеріміз арасында электронды жүкқұжатты пайдалану арқылы автокөлікпен жүк тасымалдау пилоттық режимде сәтті ұйымдастырылды. Басқаша айтқанда, көлік байланыстарын одан әрі цифрландырудың барынша берік негізі қаланды. Енді ұлттық ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіріп, осындай инновациялық шешімдерді іс жүзінде қолданған жөн. Бұл – оңай міндет емес, бірақ екі жақ шын ниетпен кіріссе, шешілетін мәселе. Келешекте Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға болар еді. Бүгін көрмеде екі елдің жүк тасымалы саласындағы ықпалдастығы алдағы уақытта қалай өрбитіні таныстырылды. Келешегінен көп үміт күтеміз. Табиғаттың өзі сыйға тартқан артықшылығымызды ескерсек, көлік-логистика саласын дамытуда ерен жетістіктерге жете аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ғылым мен жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың қарқынына оң баға берді
Қазіргі таңда елімізде ресейлік университеттердің тоғыз филиалы бар. Ресей Президентімен өзара уағдаластығымызға сай ашылып жатқан «Қазақстан – Сириус» мектебінің алар орны ерекше. Бұл жоба білім саласындағы ықпалдастығымыздың келешегіне қызмет етеді. Аталған мектеп талантты балаларды анықтап, олардың қарым-қабілетін шыңдауда ресейлік тәжірибеге сүйенеді. Мамыр айында Астанада білім беру кешенінің құрылысы басталды. Дәл сондай жоба Алматыда да жүзеге асырылуда, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев интеллектуалдық жүйелердің білім саласына әсерін қаперге алу қажет деп санайды.
Заманауи технологиялар санаулы секундтарда дайын жауап алуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – балаларды өз бетінше ойлануға, ақпаратты сыни тұрғыдан сараптауға, байыпты шешім қабылдауға үйрету. Бұл да оңай міндет емес. Өйткені жастардың өзі бізді, аға буынды қазіргі заманға сай пайдалы нәрсеге үйрете алады. Бірақ біздің өмірлік тәжірибеміз көбірек және жастарға қауіпсіз, өркениетті әлемді, оларға болашақта қажет болатын білімді аманат етіп қалдырғымыз келеді. AI Journey Junior білім беру бағыты аясында оқушылар мен педагогтерге жасанды интеллектіні және жаңа технологияларды жауапкершілікпен қолданудың пайдасын түсіндіретін бірлескен жобаны әзірлеуге болады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент озық технологиялардың артықшылықтарымен қоса қауіп-қатері де жеткілікті екенін алға тартты.
Өкінішке қарай, жасанды интеллектіні цифрлық алаяқтық, жалған ақпарат тарату, жеке деректерді заңсыз қолдану, азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасау үшін пайдалануда. 6 қараша күні Иордания Королі II Абдалланың бастамасымен Астанада Ақаба процесінің саммиті өтті. Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Пікірталастың нәтижесі жаңа технологияны қаскөй әрекеттерге пайдалануға қарсы бірге күресу қажеттігін тағы да растады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті өзі көтерген ұсыныстар, сайып келгенде, мемлекеттер арасындағы сенім капиталын жоғары технологиялар саласындағы жемісті ынтымақтастық барысында жаңа табыстармен толықтыруды көздейтінін айтты.
Бірлескен бастамалар халқымызға, компаниялар мен кәсіпорындарға пайдалы нәтижеге ұласуға тиіс. Біз өзара құрмет пен қолдауға арқа сүйеп, аталған міндетті лайықты деңгейде жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Сөз соңында айтарым, Қазақстан Ресеймен арадағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды жоғары бағалайды. Кеше мен Қытайда өткен саммиттің қорытындысына және ұлы мемлекеттердің «Үлкен үштігінің» декларациясы қабылдануына байланысты Ресей Президентіне шынайы лебізімді жеткіздім. Геосаяси жағдай күрделі кезеңде Ресейдің осындай статусқа ие мемлекет ретінде мойындалуы – оның көшбасшысы Владимир Владимирович Путиннің еңбегінің нәтижесі. Бұл – айдан анық нәрсе. Оны жоққа шығарамын деп әуре болудың қажеті шамалы, – деді Мемлекет басшысы.