Жастарға арналған мобильді қосымшаны әзірлеуге бағытталған Хакатонның жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық университеттер мен колледждердің студенттері кәсіби бағдар беру жобасы аясындағы мобильді қосымшаны әзірлеу мақсатында өткізілген Хакатонда бақ сынады, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Хакатонды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау Орталығының қолдауымен Қазақстан студенттерінің Альянсы ұйымдастырды.

Қазақстан студенттерінің Альянсы жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы ақпараттандыруға, оларға кәсіптік бағдар беруге бағытталған әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда.

Жоба негізгі міндеттерінің бірі еліміздің жоғары оқу орындары, колледждері, гранттар, стипендиялар және бос жұмыс орындары туралы ақпарат жиналған мобильді қосымшаны әзірлеуді қарастырады.

Хакатонға Astana IT University, Назарбаев университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Оңтүстік Қазақстан университеті, М. Әуезов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Сүлеймен Демирел атындағы университет, Қарағанды тау-кен индустриалдық колледжі сияқты жоғары және орта кәсіби оқу орындарынан 40 команда қатысты. 

Байқау екі кезеңнен тұрды. Мобильді қосымшаны әзірлеуге жастар 36 сағатын жұмсады. Хакатон жастардың графика, бағдарламалау және дизайн саласындағы жоғары біліктілігін талап етті, - дейді Қазақстан студенттері Альянсының президенті Ілияс Түстікбаев.

Құрамында Еламан Мұратов, Сұлтан Амангелдиев және Айсара Иманғалиева бар Astana IT University AquaSign командасы Хакатонның жеңімпазы атанды. 

Дарынды балалар мобиьді қосымшаны іске қосуға мүмкіндік алып, сомасы 3 млн теңгені құрайтын бас жүлдені жеңіп алды.

Енді Хакатонның үздік командасы өз жобасын Қазақстан студенттері Альянсымен бірлесе жетілдіріп, мобильді қосымшаны іске қосатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы