Жастардың санасына құндылықтарымызды сіңіру арқылы ғана біз қауіптің алдын ала аламыз
Бұл туралы Атырау облысында жастар арасындағы теріс әрекеттердің алдын алу, оларды болдырмау және тиімді күресу жолдары "Кемелдену жолындағы 5 қадам" атты форумда Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынға Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова, "Білім-Инновация" халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ержан Әубәкіров және Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов пен психологтар мен салаға қатысты мамандары қатысты.
Форум барысында қатысушылар қазіргі қоғамда өзекті болып отырған мәселелерге тоқталып, оларды шешу үшін білім мен тәрбиенің рөлін ерекше атап өтті.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова қоғамға қауіп төндіретін өзекті мәселелерге тоқталып, оларды болдырмау және алдын алу шаралары жөнінде пікір білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «бес кесел» – нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық – қазіргі қоғамның ең үлкен сынақтарының бірі. Бұл мәселелерді шешу үшін құқықтық тетіктерімен қатар, отбасы институтының рөлін күшейту, балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру және жалпы қоғамның жауапкершілігін нығайту маңызды. Жастардың санасына салауатты өмір салтын, рухани құндылықтарды және парасаттылық қағидаттарын сіңіру арқылы ғана біз бұл қауіптердің алдын ала аламыз, – деді депутат.
Ол сондай-ақ, қабылданған заңдардың тиімді жүзеге асырылуы үшін барлық мүдделі тараптардың бірлескен жұмысы қажет екенін атап өтті.
Форум барысында «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ержан Әубәкіров осындай жиындардың маңыздылығына тоқталып, білім беру саласындағы жетістіктер мен ұрпақты тәрбиелеу жолында кездесетін теріс әдеттер мен зиянды заттардың алдын алу мәселесін көтерді.
Жалпы форумның негізгі мақсаты – қоғамда маңызды орын алатын осы бес кеселдің алдын алу және олармен күресу жолдарын қарастыру. Сонымен қатар цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жастардың санасын жаңғырту мен адал азаматтық ұстанымын қалыптастыру да форумның басты міндеттерінің бірі. Бұл жиын білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысын жақсартуға, цифрлық әлемде азаматтық жауапкершілікті арттыруға және жастарды зиянды әдеттерден сақтауға ықпал ететін маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Ержан Әубәкіровтің айтуынша, жас ұрпақты зиянды әрекеттерден қорғау үшін отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, саналы азамат тәрбиелеуге басымдық беру маңызды.
Жиын Атырау облысының Білім беру басқармасы, Атырау қаласындағы "Білім-Инновация" лицейлері және "SilkWay мектеп-лицейі" ЖШС бірлесіп ұйымдастырылды.