Жастардың рухын ұлттық спорт арқылы көтереміз - Данияр Жұмаділ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған еді. Бүгінге дейін еліміздің барлық аймағында бағдарлама аясында ұлттың руханиятын көтеру бойынша маңызды бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда Павлодар облысы қай бағытта рухани жаңғырып жатқаны туралы «Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділмен әңгімелескен едік. 

Қоғамдық бірлестіктің Павлодар облысында жұмыс істеп жатқанына 5 жылға таяу уақыт болды. Яғни, 5 жыл деп отырғаным бірлесіп, топ болып жұмыс істегенімізді білдіреді. Ал қоғамдық бірлестік атауына ие болып, ресми жұмыс істеп жатқанымызға 3 жыл болып отыр. Қоғамдық бірлестік облысымызда қазақ халқының ұлттық және рухани құндылықтарын, салт-дәстүрін мемлекеттік тілді, ұлттық өнер, этномәдениетті және ұлттық ойындарды дамытуға бағытталған, - деді Данияр Жұмаділ. 

Төрағаның айтуынша, бұл жұмыстар Павлодар өңірі үшін ерекше маңызға ие. 

Себебі біз елдің теріскейінде орналасқан аймақпыз. Ұлттық бағытта  руханият аясындағы жұмыстарға өзіміздің де, қоғам тарапынан да айтылатын сын көп еді. Соның барлығын ескере келе қоғамдық бірлестік құру туралы шешім қабылдадық, - дейді ол. 

Жұмаділдің айтуынша, осы күнге дейін біраз жұмыс атқарылған. 

Мысалы, руханият аясында түрлі деңгейде республикалық ақындар мүшайрасын ұйымдастырып, жас ақын-жазушылардың кітаптарын шығарып келеміз. Жастар тәрбиесіне қатысты біраз жұмыс атқардық. «Әр қазақ-менің жалғызым» деген жоба бар. Оның аясында Павлодар облысында алғашқы болып елімізге танымал, айтар сөзі бар бірқатар тұлғаны алып келіп, жастармен жиі кездесу ұйымдастырып тұрамыз, - деді төраға. 

Ол атап өткендей, қазір республика бойынша танымалдыққа ие болған бірнеше жоба бар. Оның бірі - асық ойнауды дамыту мақсатындағы «Асық party». 

Оны  халықаралық деңгейдегі жоба деп толық сеніммен айта аламыз. 2017 жылы осы жобаны алғаш балабақшаларға енгізе бастаған едік. Асығымызды алып барып, балалармен кездесіп, олармен ойнап, асықтың ережесі мен ойынның маңыздылығын түсіндірдік. Бұл жобаны бірден барлығы қолдады. Өйткені халық  та бұл ойынға сусындап қалған екен. Жастардың ерекше қызығушылығын да байқадық. Балабақшалар бір-біріне эстафета жолдап, Павлодар қаласының барлық балабақшасы осы шараны ұйымдастырды, - деді ол. 

Данияр атап өткендей, аталмыш жобаны университеттер мен аудандар да қолдаған. 

Бір ауданда бір мезетте 500-600 бала асық ойнаған оқиғалар болды.  Осылайша, «Асық party» республикалық деңгейдегі шараға айналды. Біз оны мақтанышпен айта аламыз. Нұр-Сұлтан мен Алматы бастап, еліміздің 10-ға жуық шаһары жобаға атсалысты. Алматы балабақшалары да оны эстафетаға айналдырып, ойынды балалар арасында насихаттады. Олар «Jebe» бастаған жобаны жалғастырып жатырмыз деп суреттерін жариялап жүрді. Асық ойынына елдің назарын аударта алғанымызға  қуандық, - деді ол. 
Жоба халықаралық деңгейде де қолдау тапқан. Қытай мен Моңғолия, Ресейдегі қазақ жастары асық ойнап, сәлемдеме жолдаған. 
Ресейдің Новосібір қаласының жастары «асық ойнайын деп едік, асығымыз болмай жатыр» деп бізге әлеуметтік желі арқылы сәлемдеме жолдапты. «Jebe» қоғамдық бірлестігінің мүшелері 4-5 асықтан бөліп, бір дорба асықты Новосібірге таксиге салып жіберді. Олар әр жақтан мәре-сәре болып, асық атты, - дейді ол. 

Асық атудың дәстүрге айналғаны сонша, қазір Павлодардағы ешбір мерекелік шара мен концерт асық атусыз өтпейді екен. 

Данияр Жұмаділ атап өткендей, қоғамдық бірлестік «Рухани жаңғыру» кеңсесімен тығыз байланыс орнатқан. 

Екіжақты әріптестік арқылы бір-біріміздің бастаған жобаларымызды қолдап отырамыз. Қоғамдық бірлестік қазына мен әкімдік, мемлекет тарапынан ешқандай қаржы алмайды. Барлығын өз күшімізбен жасап отырмыз. Бірлестікке мүше жастардың барлығы жеке жұмыстары бола тұра, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруда біріге кетеді, жалақыларынан да бөліп шараларды ұйымдастырады. Қоғамдық бірлестік қатарында кәсіпкерлер де бар. Сол жігітер қажет кезде қаражатпен көмектесіп, ірі шараларға атсалысады. Биыл төтенше жағдай кезінде біраз қайырымдылық шараларын ұйымдастырдық. Себебі осы жылға жоспарлаған жобалар карантин кесірінен жүзеге аспай қалды. Қол қусырып отырмай, елге пайдамыз тисін деп, қайырымдылыққа атсалыстық, - дейді ол. 
Қоғамдық бірлестік басшысы атағандай, қазір ұйым жекпе-жек ұлттық спорт түрін дамытумен айналысып жатыр. 
Соңғы уақытта республика көлемінде ережесіз жекпе-жек, жекпе-жек  спортына қызығуышылық өте зор болып отыр. Оның ішінде жекпе-жек ұлттық спорты бар. Оны республика көлемінде Сабыржан Махметов ағамыз бастаған болатын. Біз соңғы 3-4 жыл көлемінде Павлодар облысында осы спорт түрін дамытып келеміз. Жекпе-жек ұлттық спорт түрі елімізде қазақ күресімен бірдей дәрежеде тұрған спорт түрінің бірі. Жастардың көзқарасын ескере келе осы бағытты таңдадық. Бұл бағыт біздің қоғамдық бірлестіктің де ұстанымына сәйкес келіп отыр. Осы спорт түрін қоғам арасында насихаттау мақсатында бірқатар жобаны да жүзеге асырдық, - деді ол. 


Даниярдың айтуынша, 2017 жылы қоғамдық бірлестік Павлодарда журналистер арасындағы алғаш рет жекпе-жек ұйымдастырған. 

Бұл сол кезде БАҚ-қа да жарияланды. Қалам тербеп жүрген журналист жастар қолдарына былғары қолғап киіп, «октагонға» кіріп, жұдырықтасты. Ерекше шоу болды. 2018 жылы жекпе-жек бойынша Павлодар облысында республикалық чемпионат өткіздік. 200-ден астам спортшы қатысты. Жыл сайын жекпе-жек бойынша облыстық, республикалық ашық чемпионаттарды өткізіп келеміз. Биыл карантин алдында облыстық чемпионатты ұйымдастырып үлгердік, - деді ол. 
Жұмаділдің айтуынша, қазір қоғамда жастарға қатысты, ер-азаматтарға қатысты сын-пікірлер көп. 
Қоғамда әскери-патриоттық шаралар жетіспей жатады. Оны арттыру мақсатында осы спорт түрін қолға алдық. Бұл ержүрек, жүрегінің түгі бар жастардың айналысатын спорт түрі. Бүгінде әрбір қала мен ауданда  жекпе-жек бойынша жеке клубтар бар. Онда ең аз дегенде 10-20 бала жаттығады. Жыл өткен сайын оның қатары көбейіп келеді. Бүгінде 5 спортшымыз республиканың құрамасына енді. Бұл-үлкен жетістік, - деп түйіндеді Данияр Жұмаділ.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы