Жастардың министрлікке келуі алынбас қамалдай. Тоқаев дипломаттар алдымен ана тілін білуі керегін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтты.
Білімді, білікті әрі елге адал қызмет еткісі келетін жастар үшін министрлікке жұмысқа тұру – «алынбас қамалдай». Бұл ахуалды түзеп, кадр саясатын түбегейлі қайта қарайтын кез келді. Дипломатиялық қызметке, ең алдымен, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек, - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз баяндамасының соңында Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін тиісті жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керегін нақтылады.
Сөз соңында тағы да қайталап айтамын: Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін тиісті жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек. Яғни, уақыт сынынан өткен ұстанымдарды жаңа шешімдермен ұштастыру қажет. Осы орайда дипломаттарымыз қашанда ел мүддесіне адал болады деп сенемін, - деді Мемлекет басшысы.