Жастардың корей мәдениетіне деген қызығушылығы жыл санап артып келеді – министр
Мәдениет және спорт министрі Қазақстан мен Кореяның мәдени алмасу жылы аясында Корей Республикасының ұлттық жиыны депутаттарымен біршама мәселені талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы министр Дәурен Абаев әлеуметтік желіде жазды.
Құрметті достар! Бүгін Қазақстан мен Кореяның мәдени алмасу жылы аясында Корей Республикасының ұлттық жиыны депутаттарымен кездесіп, біршама мәселені талқыладық. Өздеріңізге белгілі, биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отыр. Жалпы, қазақстандықтардың, әсіресе жастардың корей мәдениетіне деген қызығушылығы жыл санап артып келеді. Заман талабына сай қазіргі таңда «K-Pop» бағыты музыкадағы трендтердің біріне айналып отыр. Бұндай жаңа бағыттардың пайда болуы мәдениеттегі креативті индустрияны дамытуға көп мүмкіндік береді, – деді министр.
Жалғыз музыка ғана емес, сонымен қатар бүгінгі кездесу өткен Ұлттық музейде корей суретшісі Пак де Сонның көрмесі де отандастарымыздың тарапынан ерекше қызығушылықпен өтіп жатыр.
Сондай-ақ биыл Қазақстанда тарихы терең академиялық корей музыкалық комедия театрына 90 жыл толады. Бұл театр – әлемдегі ең көне ұлттық корей театрларының бірі. Мәдени алмасу жылы аясында аталған өнер ұжымы гастрольмен Кореяға барып, «Комонаре» халықаралық театр фестиваліне қатысып келді.
Алдағы қыркүйек айында Қазақстанда классикалық корей музыкасының кеші өтеді деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, екіжақты басқосу барысында Ұлттық мұрағат қорларымыздың қауіпсіздігін сақтау, спортшыларымызды даярлау жұмыстары сияқты маңызды мәселелер де назардан тыс қалмады. Өз кезегінде «Корея-Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы У Вон Шик мәдени-гуманитарлық байланыстардың деңгейіне жоғары бағасын берді. Біз де өз тарапымыздан екі ел арасындағы достық-мәдени қатынастың нығая беруіне тілектестігімізді білдірдік, – деп жазды Дәурен Абаев.