Жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдауға 25,8 млрд теңге бөлінді – Дүйсенова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықтың әлеуметтік осал топтары мен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бюджеттен 25,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

Еңбекмині басшысы азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру және өз ісін ашуға мемлекеттік қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет мақсатты топтарға тиімді және тұрақты жұмыс орнын ашатын мекемелерге субсидия бөледі. Биыл осындай 100 мың жұмыс орыны жоспарланып, оған бюджеттен 77 миллиард теңге қаражат бөлінді. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, бүгінге дейін 84 400 азамат осындай жұмысқа тартылды, - деді ол.

Дүйсенованың сөзінше, министрлік халықтың әлеуметтік осал топтары мен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдайды. Осындай 20 мың грантты қаржыландыруға бюджеттен 25,8 миллиард теңге көзделген. Қазірге дейін 1 400-ден астам азамат  грант иегері атанды.   

Тамара Дүйсенова технологиялардың даму қарқынын ескере отырып, жұмыс күшінің біліктілігі мен машығын үнемі жетілдіру керектігіне назар аударды. 

Жұмыс берушілердің талабына сәйкес, биыл 36 мың адамды оқыту және қайта даярлықтан өткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 9 мыңнан астам азамат бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгерді. Бүгінгі күнге дейін Электронды еңбек биржасы арқылы 91 мың адам жұмысқа орналасты. Осы мемлекеттік қолдау шаралары аясында биыл 500 мыңнан аса адамды жұмыс қамту көзделіп отыр, - дейді ол.

Айтуынша, бұл іс-шаралар тиімді жүзеге асырылуы үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар белсенді жұмыс істеуі керек. Құзырлы органдар өзара және жұмыс берушілермен, жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнатуға мән беруі тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы