Жастардың экологиялық мәдениетін қалай қалыптастыруға болады?
Елордада «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасын жүзеге асыруды аяқтау тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараны Қазақстанның экологиялық қоры ұйымдастырды.
Жобаның мақсаты – мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Баспасөз конференциясына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің (АҚДМ) өкілдері, Мәжіліс депутаттары,
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшылығы, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, университеттер мен мектептердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер қатысты.
Қазақстанның экологиялық қорының президенті Айгүл Абдуалиева жоба аясында қандай жұмыстар атқарылғанын, нәтижесі қандай болғанын айтты.
«Еліміз бойынша жастар, мектептер, колледждер арасында ұйымдастырылған сенбіліктерге 100 мыңнан аса адам қатысты. Қалаларда оқушылардың, жасөспірімдердің қатысуымен түрлі әлеуметтік іс-шаралар өткізілді», - деді жоба жетекшісі.
Оның айтуынша, «Өскелең ұрпақта экологиялық мәдениетті қалыптастыру» әдістемелік оқу құралы да шығарылған.
«Астана қаласы №43 мектебінде экоклуб ашылды. Сондай-ақ арнайы сайт жасалып, әлеуметтік желілердегі аккаунттар ашылды. Онда жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бойынша ақпарат және Қазақстанның флорасы мен фаунасын қорғау туралы мәлімет жарияланды. «Менің өңірімнің экологиялық мәселелері» атты комикстер шығарылды. 400-ге жуық оқушы экомәдениетті қалыптастыру бойынша экологиялық тренингтерге қатысты», - деді Қазақстанның экологиялық қорының президенті.
Айгүл Абдуалиева жоба аясында «Жасыл челлендж» іс-шарасы сәтті өткенін атап өтті.
«Оған 8 мың жуық адам қатысты, мыңнан аса ағаш отырғызылды. «Жасыл челлендж» экоэстафетасы Астанадағы №43 мектептен басталып, Ақтау, Павлодар, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы білім ордаларында жалғасты. Іс-шараға қоғам қайраткерлері, экологтар, ақсақалдар, оқушылар, мектеп қызметкерлері қатысып, көшеттер отырғызды», - деп сөзін түйіндеді ол.
Айта кетейік, аталған жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты шеңберінде жүзеге асырылды.