«Жастардың бизнес бастамаларына қолдау күшеймесе, шағын өндіріс дамымайды» – Байтақ партиясының кандидаты
Алматы қаласының Наурызбай ауданында «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Қараш Алма аудан ардагерлерімен үгіт-насихат кездесуін өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында кандидат партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, экологиялық қауіпсіздік, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және өңірлердің тұрақты дамуына қатысты бастамаларға тоқталды.
Алма Қараштың айтуынша, кездесуде ардагерлер ең алдымен Алматы қаласының бұрынғы келбетін еске алып, қазіргі экологиялық ахуалға алаңдаушылық білдірген.
«Ардагерлер жастық шағындағы Алматыны еске алды. Қазір қаладағы ауаның ластануы, көлік кептелісі көбейіп, жасыл желектің азаюына шағымданды. Сондай-ақ көшелердегі қоқыс мәселесін көтерді. Үлкен буын өкілдері жастардың қоқысты кез келген жерге тастап кететініне алаңдайтынын айтты», – деді Алма Қараш.
Оның сөзінше, пікірталас барысында әңгіме жастардың кәсіпкерлікке бет бұруы мен жаңа бастамаларды іске асыру мәселесіне ұласқан.
Кандидаттың айтуынша, ардагерлерді ең көп толғандыратын мәселенің бірі – қарапайым азаматтарды жұмыспен қамту, жастардың, балалар мен немерелерінің тұрақты жұмыс табуы.
Алма Қараштың пікірінше, Қазақстан экономикасының берік негізі ірі жобалардан емес, шағын кәсіпкерлік пен өндірістен басталады.
«Отандық өндірісті қолдау міндетті түрде ірі инвестициялық жобалардан басталмайды. Ол үйдің жанындағы шағын цехтан, шағын кооперативтен басталады. Сондықтан бизнесті қорғау туралы айтатын партиялар ең алдымен микро, шағын және орта бизнеске, жас кәсіпкерлерге нақты қолдау тетіктерін ұсынуы керек. Жастар кәсіп бастап, банкротқа ұшырамай, өз ісін дамытуға мүмкіндік алуы қажет. Менің ойымша, дәл осы микро, шағын және орта бизнес еліміздің экономикасының негізгі тірегі болады», – деді ол.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылады. Сонымен қатар, сайлауалды бағдарламада қамтылған бастамаларды жүзеге асыру жолдары сөз болды.
Шара соңында қатысушылар елдің тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалардың маңызын атап өтті.