Жастарды отансүйгіштікке баулитын байқаудың қорытындысы жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде «Атаулар сыр шертеді» жоба-байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі.
Байқау Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай ұйымдастырылыпты. Биыл ол 3 кезең бойынша өткен:
1-кезең «Менің балабақшам, көшем, қалам» тақырыбында 5-6 жастағы балабақша тәрбиеленушілері арасында көркемсурет байқауы өтті. Оған облыстағы 33 балабақшадан 142 бала қатысты.
2-кезең мектеп оқушылары арасындағы (1-7 сынып) «Ұлықталған есім – ұрпаққа үлгі» (облыс бойынша елді мекен, көше, нысандарға берілген тарихи тұлға есімдері туралы) тақырыбында эссе жазу байқауы ұйымдастырылды. Ол осы жылдың 1 сәуірі мен 22 мамыр аралығында өткізіліп, облыс бойынша 93 оқушы қатысты.
3-кезеңге 14-21 жас аралығындағы мектеп оқушылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерінің 200-ге жуық ғылыми жұмыстары жинақталды. Үздік деп танылған 10 жұмыс тыңдалды.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы байқаудың қорытындысы 30 мамыр күні шығарылғанын хабарлады.
"Жоба-байқау 30 мамыр күні өз мәресіне жетті. Әр кезең бойынша ең үздік деп танылған 3 қатысушы облыс әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды. Өзге де қатысушылар сыйлықтар, дипломдар, сертификаттарға ие болды. Байқау қорытындысы бойынша барлық ғылыми жобалар жинақ болып шығады", - делінген хабарламада.