Жастар жылы. Жастар әлеуметке пайдалы жобаларды таныстырды
Қарағанды, Baq.kz тілшісі. Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев 23-қаңтарда «Жастыр жылын» ресми түрде ашық деп жариялаған болатын. Осыдан кейін жер-жерлерде шаралар ұйымдастырылып, еліміздің әрбір жас буыны осы іске өз үлестерін қосуға ынта білдіруде.
Қарағандыда «Сарыарқа жастары» форумы аясында студенттер өздері ойлап тапқан жобаларын ұсынды.
Қаңтар айында Қарағандыда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жоғары оқу орындары ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет «Сарыарқа жастары» атты форум өтті. Шарада аймақтың жалынды жастары өздерінің инновациялық жобаларын таныстырды.
«Нұрсұлтан Әбішұлы барлық жастарды патриоттық рух пен Отанға деген махаббатты көрсететін нақты істерді жасауға шақырды. Бұл істер еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруіне жағдай туғызуы тиіс. Қазіргі уақытта біздің республикалық «Жаңғыру жолы» штабы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан шабыт алып, жастар жылында Астана қаласында алма бағын отырғызуды ұсынды. Ал қозғалыстың аймақтық штабтары еліміздің барлық өңірлерінде нақты шаралар өткізетін болады. Оның алғашқысы Қарағандыда өткен студент жастардың «Сарыарқа жастары» форумы. Бұл жерде облысымыздағы барлық жоғарғы оқу орындары студенттерінің инновациялық жобалары бір жерге жиналды. Шараға жастардың жобаларын өз көздерімен көріп, арасынан үздігін таңдап, болашақта оларға көмек көрсетуі үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен мемлекеттік органдардың өкілдерін арнайы шақырдық», - дейді «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Қарағанды аймақтық штабының жетекшісі Александр Урмашов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумда студенттер көптеген қызықты жобалар ұсынған. Олардың арасында мүгедектер арбасының баспалдақпен түсуіне арналған көтергіш, қойдың құйрық майынан жасалған сабын, түрлі-түсті дисплейлерді алмастыратын 3D шар сияқты жобалар бар.
«Қарағанды медицина университетінің қызметкері және «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Қарағанды аймақтық штабының жетекшісі ретінде Елбасымызбен өткен кездесуден алған әсерім жастармен жұмыс істеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Президенттің форум барысындағы ұсыныстары мен тапсырмалары қазақстандық жастарды қолдауға бағытталған. Ғылымды дамытуға қосамша гранттар бөлу, жас кәсіпкерлерді қолдау, отбасы институтын дамыту және «Astana Open University» ашық университетін құру және тағы да басқа бастамалары қолдауға тұрарлық. Мемлекет басшысысының әрбір аймақта Nazarbayev University сияқты үздік оқу орнын анықтау қажеттілігі жайлы ойы көңілімнен шықты. Бұл жыл елдің жас буынын дамытуға, біздің идеялар мен жобаларды іске асыруға, ғылым мен білімнің өркендеуіне, қазақстанның бәсекеге қабілетті жаңа қоғамын құруға бағытталатын болады. Бұл жастар үшін үлкен сын, біз оны лайықты атқарып шығамыз деп ойлаймын», - дейді А.Урмашов.