Жастар жылы. Бұл - рухани толысу кезеңі болмақ

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астана қаласында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараны бір кісідей қолдаған шығысқазақстандық жастар биылғы жылдан үлкен үміт күтетіндерін айтты.

«Жастар үшін көп жағдай жасалуда. Жастардың сапалы білім алып, жайлы өмір сүруі үшін түрлі оқу орындары ашылып, жатақханалар салынуда. Өңірлерде жұмыс істейтін жастарды тұрғынүймен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бір сөзбен айтқанда біз үшін бар жағдай жасалуда. Демек, ендігі қадам біздің тарапымыздан болуы қажет. Бұл жыл - мемлекет не береді деп жалтақтап отырмай, әр жас өзінің мақсатын ашық білдіріп, ойындағы жобаларды жүзеге асыратын жыл болмақ. Елбасымыз бүгінгі баяндамасында жастардың стартап жобаларын қолдауға қомақты қаржы бөлінетінін айтты. Бойында кәсіпкерлік рухы бар әр жас өзінің негізгі идеяларын жүзеге асыруы керек. Елбасымыз бүгін алып, ертең сатып пайда табуды көздейтін жастарды емес, жаңа идеялармен ел дамуына үлесін қосатын жастардың шыққанын қалайды», - дейді ҚХА «Жаңғыру жолы» РЖҚ аймақтық штабының көшбасшысы Рамиль Юнусов.

Ел жастарының басын бір арнаға біріктіруді көздеген жылдың Шығыс Қазақстан өңірі үшін де ерекше болатынын айтқан Рамиль Қазақстан Халқы Ассамблеясы арқылы бірқатар серпінді жобалардың жүзеге асатынын алға тартты.

«Соның бірі ретінде жастардың туған жерінің тарихы мен мәдениетін танып білу жобаларының жүзеге асырылуын айтуға болады. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде қарастырылған аталмыш жоба биыл мықтап қолға алынбақ. Атап айтсақ, шығысқазақстандық жастар тек қана өзіміздің өңірдің тарихи және қасиетті жерлерін аралап қана қоймай, сондай-ақ көрші облыстарға шығып, сол жақтың тарихи орындарымен танысатын болады. Келесі кезекте біз көрші өңірлердің жастарын өзімізде күтеміз. Осылайша танымдық ақпарат алмасуы орын алып, әр жас рухани жағынан толысып, туған елінің, жерінің тарихын тереңірек білетін болады», - деп қосты Рамиль Юсупов.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы