"Жастар жылы" аясында жастармен кездесу өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму минстрлігінің грантын жеңіп алған тәлімгерлер өңірлерді аралап, жастарға дәріс оқып жүр.
Бұл жолғы сапары Щучинск қаласындағы Жоғары педогогикалық колледж жастарымен кездесуге бағытталды.
"Жастар жылы" аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің гранттық қолдауы арқылы жүзеге асырылып отырған шараның тақырыбы – "Ментерлер - жастар тәлімгерлері іспетті" деп аталады.
Қазіргі кезеңде республиканың барлық аймағында жастармен кездесулер, семинар-тренингтер, сұқбат алаңдары, жастар кемпі, көшпелі шаралар өтіп келеді. KAZBREND қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған бұл кездесудің маңызы да ерекше.
"Өңір жастарымен жұмыс жасау үшін арнайы жоба аясында дайындалған аймақтық және елордалық спикерлер, ментерлер, тренерлер жасақталды. Бұған дейін бірнеше облыстың орталығында өткіздік. Мақсатымыз – жастарға жігер, мотивация беру. Түрлі саладағы спикерлердің өмірінен тағылым алған жастар өз өмірін сараптап, өткеніне көз жібереді, болашағына құлшыныспен қарайтын болады" - дейді ұйымдастырушылар.
Щучинскте өткен шараға 100-ден астам жас қатысты. Барлығы да жалындап тұрған бозбала мен бойжеткен. Барлығы да тетігін тапса тау қопарып тастайтындай.
Бұл жолғы кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина, қазақ телевизиясының дауылпаз дикторы, журналист – Әбдірәлі Бөлебай, танымал тележүргізуші Санди Сұлтан, Нұр-Сұлтан қаласының танымал тренер жүргізушілері өздерінің жетістікке жету тарихы жайлы жастармен бөлісті.
"Мен сіздердің көрші Зеренді ауданының Қостомар ауылында туып-өскемін. Мамандығым математика мұғалімі болса да, бұл мамандықты игеру оңайға түспеді. Оқуға түсе алмай қалған кезім болды. Бірақ табандылығыммен мақсатқа жетуге деген құлшынысым жолымдағы кедергінің барлығынан өткізді. Қазір, Құдайға шүкір, еліміз парламентінде отырмын. Егер мен мақсатшыл, табанды болмасам, бәлкім осы биікке көтеріле алмас едім. Сондықтан сіздердің де арманға жету жолында табанды болуларыңыз керек" - деді Майра Айсина өз сөзінде.
Алдымен пленарлық отырыс өтіп, артынша бірнеше секцияға бөлінген жастар алдында сөз сөйлеген Қазақ телерадиосының қайраткері Әбдірәлі Бөлебай ел тарихын, ел тарихы жолында шәйіт болған бабаларды ұмытпауға, ата-ананың қадірін білуге шақырды.
"Ең алғаш стипендия алған кезім әлі есімде. Тараздың тумасымын ғой, оқуды Алматыда оқыдым. Содан алғашқы стипендияма анама арнап бірдеңелер сатып алдым. Демалысқа барғанда апарып бердім. Сол кездегі анамның қуанғанын көрсеңіздер. Бәлкім ол менің көңіліме бола қуанған шығар. Бірақ, өзі өсірген ұлынының өзін асырайтын деңгейге жеткенін көріп, марқайып қалғанын білемін. Сендер де солай, ата-аналарыңның қадірін біліңдер. Мүмкіндігінше оларды ренжітпей, керісінше қуаныш сыйлауға тырысыңдар" - деді ол.
Әр түрлі тақырыптарда өз білгендерін ортаға салған тәлімгерлер жастардың еліміз үшін алар орыны ерекше екенін айтты. Ал танымал тележүргізуші Санди Сұлтан жастықтың қадірін біліп, өз-өзіңмен жұмыс жасауға, лекторлық жасаған кезде өз-өзіңді қалай ұстау керектігін үйретті.
Кездесу соңында спикерлер Галина Бичун басқаратын Щучинск Жоғары педогогикалық коледж ғимаратымен танысты.
Жастарға білім беретін орталықта жастарға барынша жағдай жасалған.
"Жастар жылы" бағдарламасы бұл оқу орнында айрықша қолға алынғанын кіре берістегі мына стендтен анық көруге болады.
Колледж тарихы тым тереңнен басталады. 90 жылға жуық тарихы бар оқу орнында барлық құжат шашау шықпай сақталған.
Ал білім ордасында арнайы кабинеттер жұмыс істейді.
Жобаға Ақмола облысы, Бурабай ауданы Щучинск қаласының әкімшілігі мен өңірдің жастар көшбасшылары қолдау көрсетті.