Жастар жылы. Астанада халықаралық жастар форумы өтеді

Астана, BAQ.KZ. Биыл жазда Астанада халықаралық жастар форумы өтеді. Оған шет мемлекеттерден де қоғам белсенділері қатысады. Жиынның тақырыбы – «Біздің күшіміз бірлікте» деп аталады. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлістіктерімен кездесуі кезінде айтты. 

24.kz арнасының хабарлауынша, Жастар жылы аясында ассамблея көптеген игі шараға мұрындық болмақ. 

"Біз Достық үйінің ішінен бірнеше орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Соның бірі қалалық кәсіпкерлер кеңесінің кеңсесі болады. Оны белсенді жастар басқарады. Біз олардың көмегімен жастар саясатын алға жылжытып қана қоймай, бейбітшілік пен келісімді және бірлікті насихаттаймыз" - дейді қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова. 

Жыл сайын Қазақстанның тарихи өлкелеріне ұйымдастырылатын экскурсия биыл да жалғасын табады. Экспедиция мүшелері Қарағанды және Павлодар облыстарына жол тартпақ. Сондай-ақ жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау орталықтарын ашу жоспарда бар. 

"Біздің қоғамда жастардың алатын орны жылдан жылға артып келеді. Соның ішінде Ассамблеяның өзінің қызметіне жастар жиі араласады. Мысалы, жас депутаттар бар. Жастардың халық бірлігін, достығын, ұлтаралық келісімді насихаттап жүргені қуантады" - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы