Жастар жылы. Түркия қазақстандық суретшінің көзімен

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елордада жас суретші, Қазақ ұлттық өнер университетінің 5-курс студенті Назерке Кемелбаеваның «Қазақстандықтар көзімен Түркия» атты жеке сурет көрмесі өтті.

Шараны Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырды.

Жас суретші 15 жасынан бастап Астана қаласындағы «Балалар сурет мектебі. ЮНЕСКО клубы» атты мектепте қосымша сурет өнерін үйреніп, оқу орнынан академиялық білім алған. Қазіргі таңда Түрік мәдени орталығында түрік тілін үйренуші, Қазақ ұлттық өнер университетінің Сценография факультетінің 5-курсында білім алып жатқан Назерке Кемелбаева өзінің алғашқы сурет көрмесін Түркия еліне арнап отыр.


Сурет көрмесінде жас суретшінің графика тәсілімен салынған 40-қа жуық шығармалары қойылады. Шығармашалардың арасында Түркияның түрлі қалаларында орналасқан ескі мәдени мекендер – «Мевлана кесенесі/Конья», «Акдамар шіркеуі/Ван», «Ысқақ-Паша сарайы/Аары» мен ежелгі қалалардың «Понт патшаларының мазарлары/Амасья», «Румели Хисар бекінісі/Ыстамбұл», «Ежелгі Эфес қаласы/ Измир» суреттері де бар.


Көрменің ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, Дипломатиялық корпус өкілдері, ҚР Парламенті депуттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.


Шараның ашылу салтанатында сөз алған Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык 23 жасар қазақстандық жас суретшінің шығармалары Түркияның тарихи жерлері мен туристік ескерткіштерінің таңдамалы тізбегінен құралғанын атап өтті.

«Өзінің туындылары арқылы бауырлас екі елдің арасындағы достыққа, өнер шамшырағына өз үлесін қосып жүрген Назерке ханымды шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан бұл жыл Жастар жылы деп жарияланған болатын. Осылайша, Назерке Кемелбаеваның шығармашылығына көрсеткен қолдауымызды Жастар жылына деген бір сыйлығымыз ретінде қабыл алыңыздар», - деді Невзат Уянык.


Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина мұндай сурет көрмесін өткізу туралы ой қалай туындағанына тоқталып өтті.

«Қазақта «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген жақсы бір даналық сөзі бар. Біздің орталықта білім алып, тіл үйреніп жүрген Назеркенің сурет өнеріне деген қызығушылығы бар екенін байқап, Жастар жылы аясында оның жеке сурет көрмесін өткізуді ұсындық. Сол ұсынысымызға орай ол қысқа уақыт аралығында 40 сурет салып шықты. Біз алдағы уақытта да қолдау көрсете беретін боламыз», - деді Алмагүл Исина.


Рәсім барысында жас суретші Түркия елінде бір рет те болмағанын, барлық туындысын фотосуреттерге қарап, әдеби, тарихи шығармалар оқи отырып салғанын айтты.

«Бұл суреттерді ұзақ уақыт бойы ойланып салдым. Жай ғана бір образдан алу оңай болған жоқ, сондықтан суреттер арқылы Түркияны жақынырақ таныдым, мәдениетіне бір табан жақындадым», - деді Назерке Кемелбаева.


Сондай-ақ, ол Жастар жылының өзіне қандай пайдасы тигенін атап өтті.

«Жастар жылы маған өте көп көмектесті, сол себепті еліміздегі жастарға қолдау білдіретін осындай шаралар мен бағдарламалар көп болғанын қалаймын. Дүниеде өте көп суретші бар, бірақ бәрі осындай мүмкіндікке ие бола бермейді», - деп сөзін түйіндеді суреттердің авторы.

Бұған дейін жас суретші Назерке Кемелбаеваның «Қазақстандықтар көзімен Түркия» атты жеке сурет көрмесі өтетінін хабарлаған болатынбыз.

Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ

Фото: Гүлжан Раманқұлова

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы