Жастар жылы. Ақтөбе облысында 150-ден астам спорттық шара өтеді
Ақтөбе, BAQ.KZ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Жастар жылында және Ақтөбе қаласының 150 жылдығын мерекелеу аясында өңірде республиканың әр аймағынан, жақын шетелдерден келетін 200 мыңнан астам адамды қамтитын 150 спорттық шара өткізілмек.
«Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, әсіресе ауылдық жерлерде дамыту тапсырмасы бойынша 2019 жылға арналған облыстық спорттық бағдарламалардың жоспарында 14-29 жас аралығындағы жастарды қамтитын ҚР-ның Тұңғыш Президенті – Елбасының тесттерін өткізу көзделіп отыр. Ақтөбелік жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 103 облыстық жарыстар, 8 ҚР чемпионаты, 14 халықаралық және республикалық турнирлер, спорттың әр түрі бойынша 3 кешенді спорттық шаралар ұйымдастырылады. Наурыз айында Ақтөбеде жүлде қоры 1 млн.теңгені құрайтын үстел теннисінен «AQTÓBE-2019» ашық халықаралық турнирі өтеді. Ал, мамыр айында "AQTÓBE RUN-2019" ашық республикалық марафонын өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді жоспарларымен бөліскен басқарма басшысы.
Ақтөбеде алғаш рет өтетін республикалық жазғы марафон аясында Азия, Африка, Австралия және Американың ірі шөлдерін жалғыз жүгіріп өткен марафоншы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері мастер-класс ұйымдастырады.
Сонымен қатар, облыс аумағында бірнеше спорт түрінен ірі республикалық жарыстар өтеді. Атап айтқанда, ҚР Х жазғы универсиадасы, жүзуден ҚР-ның V спартакиадасы, ҚР Паралимпиадалық ойындары, ұлттық спорт түрлерінен республикалық V фестиваль өтеді.
«Мамыр айында оныншы жазғы Универсиада аясында спорттың 18 түрі бойынша жарыстар өтеді. Оған еліміздің ЖОО-ның 9 мыңнан астам студенті қатысады.Универсиада екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Спорттық жарыстардың қорытындысы бойынша ҚР-ның студенттік құрамасы жасақталып, елімізді Италиядағы Дүниежүзілік Универсиадада таныстыратын болады. Маусым айында 600 спортшының қатысуымен жүзуден ҚР-ның V спартакиадасы өтеді, ал тамыз айында IV Паралимпиада ойындарының мыңға жуық қатысушыларын қарсы аламыз. Республиканың әр өңірінен келген спортшылар паралимпиадалық спорттың 10 түрінен өнер көрсететін болады», - деді Мейрамбек Махамбетов.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 18-25 қыркүйегі аралығында "Ұлы Даланың мұрагерлері" халықаралық форумы аясында ұлттық спорт түрлерінен V республикалық фестиваль өткізу жоспарлануда. Жарыс бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, тоғызқұмалақ, асық ату – бес тас, қазақ күресі, жамбы ату, құсбегілік, жекпе-жек секілді спорт түрлерінен өтетін болады. Оған еліміздің әр өңірінен 2 мыңға жуық спортшы жиналады.