Жастар жылы. Шымкентте «Жастар мәслихаты» құрылады
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болған Шымкент қаласында «Жастар мәслихаты» құрылады. 2019 жыл – Жастар жылында құрылғалы отырған Жастар мәслихатына Шымкент қаласында тұратын 14-28 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мүше болады.
«Жастар мәслихаты» мүшелігіне үміткерлерді тіркеуге өтінімдер қабылдау 3 маусымнан басталады. Бұл туралы Шымкент қаласының "Жастар ресурстық орталығының» қоғаммен байланыс және ақпарат бөлімінің басшысы Бижан Сәдібеков хабарлады.
Жастар мәслихаты 29 жас депутаттан құралады. Олардың өкілеттігі 2 жылға созылады екен.
«Мәслихатқа мүше болған азаматтар - қала жастарының өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныстар жолдайды. Кандидаттардан құжаттарды қабылдау 3-12 маусым күндері аралығында жүреді. Белгіленген 10 күннің ішінде барлық қажет құжаттар «Google» формасы арқылы қабылданады. Шымкент қалалық «Жастар мәслихатына» тіркелу формасы 3 маусымда жарияланады. Сондай-ақ сайлау комиссиясы Instagram әлеуметтік желісінің @resurstyq_ortalyq парақшасында кандидаттардың бейнероликтерін жүктейді. Нәтижесінде бейнеролик 2 000 онлайн лайк жинауы қажет. Егер түрлі себептерге байланысты әлеуметтік желіге тіркелмеген азаматтар болса, олар 500-ден аса қол жинау керек», - деді Бижан Сәдібеков.
Оның айтуынша, «Жастар мәслихатына» кандидаттар төмендегідей құжаттарын әзірлеп, жіберуі тиіс.
- куәлік;
- өмірбаян;
- жетістіктері;
- эссе;
- бейнеролик;
- ұсыным хат;
- мекенжай туралы анықтама;
Содан кейін 13-15 маусым күндері үміткерлерге дауыс беру Telegram мессенджеріндегі t.me/jastarmaslihaty каналында ұйымдастырылады. Дауыс беру нәтижесінде, «Жастар мәслихатына» 29 депутатты, ал резервке 11 депутатты көпшілік дауыспен анықтайды. Аталған тәртіптің заңдылығын сайлау комиссиясы қадағалайды.