Жастар жылы. Қарағандыда түлектер бағы пайда болады
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандылық жастар «Өз ағашыңды отырғыз» жобасын бастайды. Биылдан бастап мектеп бітіруші түлектер және жоғарғы оқу орындары мен колледждердің бітірушілері өз жерінде ағаш отырғызу дәстүрін қолға алмақ.
Қарағандыдағы ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы академияның курсанты Карина Байсейітова облыс әкімі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында түлектер паркін салу идеясын ұсынды.
«Әрбір қарағандылық қаланы көгалдандыруға өз үлесін қосуы керек деп ойлаймын. Бұл шараға барлық оқу орындарын тарту қажет. Болашақ ұрпақ үшін жайлы, таза, әсем Қарағандыны жасау үшін әрбір студент шағын қадам жасай алады. Сондықтанда, біз жоғары оқу орындары мен колледждер арасында жаңа челледжді бастауды ұсынамыз. Ол үшін жастар ағаш отырғызып, оны суретке түсіріп, инстаграм парақшасына #ағашотырғызқарағанды хэштегімен жүктеуі тиіс. Сонымен қатар, эстафетаны достарына жолдауы шарт», - дейді Карина Байсейітова.
Оның айтуынша, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлектері ағаштарды бұрыннан өткізіп келеді.
«Міне мына сурет 1984 жылы түсірілген. Академияның әрбір түлегінің өз ағашы бар. Сондай-ақ, оқу орнының 50 жылдық мерейтойына орай курсанттар мен түлектер 20 шырша отырғызды», - дейді Карина.
Облыс әкімі Е.Қошанов бұл бастаманы қолдап, жыл сайынғы дәстүрге айнылдыру керектігін айтты.
«Биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Бұл жыл сіздерге үлкен мүмкіндіктер береді деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан жастарға жасалған қолдауды тиімді пайдаланыңыздар. Сіздерден жаңа идеялар күтемін. Түлектердің ағаш отырғызуы жыл сайынғы дәстүрге айналатынына сенімдімін. Қала және аудан әкімдеріне түлектер паркін салуға жер бөлуді және онда көшет отырғызу үшін жағдай жасауды тапсырамын. Бюджетте көгалдандыруға ақша қарастырылған. Дегенменде ағаш отырғызу жеткіліксіз, оны күтіп-баптау, суғару қажет. Егер де ағаш отырғызсаңыз оны баптауды ұмытпау керек», - деді әкім.