Жастар жылы. Кәсіп ашу туған жерге оралуға түрткі болды – кәсіпкер келіншек
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықтағы Жаңаарқа ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды аудандардың біріне жататын Жаңаарқада халық та көп тұрады. Мұнда шағын кәсібін ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған жастар аз емес. Соның бірі – Гүлшахара Кәдірбаева.
Қарағандының Жаңаарқа ауданының орталығынан қоғамдық тамақтану орталығын ашып, екі адамды жұмыспен қамтып отырған Гүлшахара Кәдірбаева 26 жаста. Үлкен отбасының ибалы келіні, жұбайының қамқор жары, ұлының жанашыр анасы ғана емес, жеке кәсіпке де уақыт табатын келіншек бәріне де үлгеруге тырысады. Жұбайы Шынболат Тоқбергенов екеуі де Жаңаарқа ауданында туған. Өздері дүниеге келіп, кіндік қандары тамған жерде жеке ісін ашқан жастар болашақта іргелі отбасы ғана емес, табысты кәсіпкерлерге айналуды армандайды.
«Жұбайым Шынболат екеуміз қыз-жігіт болып кездесіп жүргенде Жаңаарқа кешкісін бос уақытыңды өткізетін, тамақтанатын жер іздейтін едік. Біздің туған жерімізде де қаладағыдай заманауи жабдықталған, жастардың көңілінен шығатын, қалтасы көтеретін қоғамдық тамақтану орны болса деп армандайтын едік. Кейін отбасын құрып, шаңырақ көтергеннен кейін осы идеяны өзіміз неге іске асырып көрмеске деген ой туды. Алғашында көптеген қиындықтарға кездестік. Сол уақытта Жаңаарқа ауданына жаңа әкімі тағайындалған болатын. Ол кісіге аудан орталығында дәмхана ашу жайлы жоспарымызды айтып, қолдау білдіруін сұрадық», - дейді жас кәсіпкер.
Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин жастардың шағын кәсіппен айналыссақ деген ниетін қолдап, көмегін аямаған. Жеңіл және жылдам дайындалатын тағамдар әзірленетін дәмхана ашуда барынша көмек қолын созған екен.
«Шағын кәсіпті бастарда басты қиындық – жер алу мәселесі болды. Осы жерде Юржан Асанұлының көмегі көп тиді. Әкімдіктен жерді алуға көп көмектесті. Бұдан кейінгі қиындықтар қаржы мәселесіне келіп тірелді. Бұл істі бастауға шамамен 3 миллион теңгеден астам қаржы кетті. Жұбайым екеуміздің қаладан үй аламыз деп жинаған қаражатымызды осы іске салдық. Бұл қаржымыз жетпеді. Дегенмен бастаған істі аяғына дейін жеткізу керек болды. Несие алдық. Одан кейінгі мәселе – дәмхананы басқару еді. Біз ол уақытта Қарағандыда тұратын едік. Қоғамдық тамақтану орнын алыстан бақылау қиын болғандықтан, Жаңаарқаға көшуді дұрыс көрдік.
Дәмхана өткен жылдың қыркүйек айында ашылды. Бүгінде Жаңаарқаның орталығында орналасқан дәмханамыз жастар, мектеп оқушылары көптеп келетін жерге айналды. Жеңіл тамақтану орны, қарапайым тілмен айтқанда фастфуд өнімдерін дайындаймыз. Қазір бала күтіміне байланысты үйде отырмын, істің басы қасында жұбайым жүреді», - дейді Гүлшахара Қалиқызы.
Ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлер кәсібін одан әрі дөңгелетіп әкетуі үшін мемлекеттің көмегіне мұқтаж. Осы орайда мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар бизнес жобаларға арнайы грант беріліп, ынталандырылады. Гүлшахар Қалиқызының жобасы да әлеуметтік маңызы бар деп танылып, Жаңаарқа ауданы әкімінің грантына ие болды.
«Өткен жылдың желтоқсан айында Жаңаарқа ауданының әкімі жас кәсіпкерлерге арналған 500 мың теңге көлеміндегі грантын табыстады. Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Биылғы жыл Елбасынының тікелей бастамасымен Жастар жылы болып жарияланды. Бұл жылда толағай табыстарға кенелуді көздейміз. Тәуелсіз еліміздің тарихындағы ерекше жыл барлығымызға да өзгеше серпін берсін», - дейді жас отбасы.