Жастар жылы. Бұл бір жылмен шектелмейді - министр

Атырау, BAQ.KZ. ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев пен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Атыраудағы жастар қозғалысының жетекшілерімен кездесті.

Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Роллан Құспан жастар бастамаларын қолдаудың өңірлік жол картасы жайында баяндады. Ұсынылған идеялардың көбі министрдің қызығушылығын тудырды.

-Мемлекет басшысы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Бұл үлкен жұмыстардың басы ғана және бір жылмен шектелмейді. Біз жастар қозғалысын дамытудың негізгі бағыттарын анықтап алуымыз керек, - деді Дархан Қалетаев.

Министр жастардың алдында тұрған басты міндет білім алу, жұмысқа орналасып, отбасын құру екенін атап өтті. «Мемлекеттік жастар саясаты» деген ұғымға байланып қалуға болмайды.

-Мұндай ұғымнан алыстауымыз керек деп ойлаймын. Ал жастармен жұмыс, әлеуметтік бейімдеу – жастардың мәселелерін шешудің тиімді бағыты. Бұл жұмыстар әлеуметтік әдіс-тәсілдер аясында қарастырылуы тиіс, - деп атап өтті министр. 

Қалетаевтың пікірінше, барлық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға жастарды тарту тетіктерін іске қосу керек. Аймақтарда жұмыстың басты бағыттары көрсетілген жол картасы дайындалуда. Бұл – жастар инфрақұрылымын дамыту, білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық, қолжетімді баспана, кәсіпкерлікті қолдау, қаржылық сауаттылықты арттыру, құқық мәдениеті, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік деңгейін көтеру, отан сүйгіштік сезімді нығайту, талантты жастарды қолдау, жастардың үкіметтік емес ұйымдарын дамыту, жасалған жұмыстарға ақпараттық қолдау көрсету секілді шараларды қамтиды.

-Мемлекет басшысы жастармен жұмыста басым екі бағытқа назар аударды. Олар – жас маман және жас кәсіпкер. Алдағы үш жылда осы екі бағытты дамытуға 120 млрд теңге қаралады. Бағдарламалар дайындалып жатыр, сондықтан аталған жобаларды іске асыру үшін ұсыныстарыңыз бен идеяларыңызды берулеріңізге болады, - деді Д.Қалетаев.

Аймақтағы жастар қозғалыстарының жетекшілерімен кездесуде еріктілер туралы, «ақыл-ойдың шетке ағылуы», жас ғалымдарды қолдау, отбасын дамыту, «Жасыл ел» бағдарламасына қатысу туралы әңгіме қозғалды.

-«Ақыл-ойдың шетке ағылуы» - бүкіл әлемдік тенденция. Бұл мәселе көп елдерде өзекті болып отыр. Мысалы, көршілес Ресейде де аталған мәселе алаңдаушылық туғызуда. Жастар жылы аясында Президент жас ғалымдар үшін грант беруге 3 млрд теңге бөлу туралы бастама көтерді. Бұл бастапқы қадам, алға қарай да шаралар ұсыну керек, -деп атап өтті министр.

Мамыр айында мемлекет басшысының қатысуымен Қостанайда еріктілер қозғалысы бойынша Қазақстан-Ресей форумы өтеді. Ресейде бұл бағыт мемлекеттік деңгейде жақсы дамыған, тәжірибе алмасуымыз керек.

Министрлік құзырлы мемлекеттік органдармен отбасын қолдау мен дамытудың Жол картасын дайындады. Басты көрсеткіш – ажырасу санын азайту, әсіресе жас отбасылардың арасында ажырасу белең алып барады. Осы мақсатта отбасылық соттар жанынан ресурстық қолдау көрсету орталығын ашу, жастар ресурстық орталықтарының жанынан некеге тұрар алдында жас отбасылармен жұмыс бөлімдерін ашу жоспарланып отыр. Жас қазақстандықтарды қолдау үшін үш ірі қалада жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жүргізу, жұмыссыздықты азайту, студент-еріктілердің стипендияларын көтеру шаралары да жоспарда бар.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев кездесуді аяқтай келе бүгінгі жастардың басты проблемаларына тоқталды.

-Жастар өз мақсаттарына өздері жетулері үшін жұмыстанулары керек. Әр жаста үздіктің үздігі болуға деген талпыныс болуы тиіс.Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Бізде талантты жастар көп, бірақ табыс деген таланттың бір пайызы ғана, қалған 99 пайызы – таза еңбек, -деді Нұрлан Ноғаев.

Жастармен әңгімелескен облыс әкімі студенттік жылдарындағы қиындықтарын еске алды.

- Қиын кез болды, сабақ уақытында жұмыс істеуге тура келді. Бүгінгі жастарда мүмкіндік көп, біздің кезімізде ондай игіліктер болған жоқ. Мен ата-анамды қинағым келмеді, үйден ақша сұрағым келмеді. Жұмыс істеу керек деп шештім. Бірақ одан ешкімге жаман болмады, мүмкін өмірдің түрлі кезеңдерінде шыңдалғаннан кейін біз мықты болдық. Мысалы, баспана мәселесі де көкейкесті. Отбасын құрғаннан кейін сегіз жыл басымда үй болған жоқ. Әр түрлі жерлерде пәтер жалдап күн көрдік. Санап отырсақ, сол сегіз жылда өз үйімізді алуға болатындай қаржы жұмсаппыз. Өкінішті әрине, бірақ не істей аламыз? Соның бәрінен өттік. Қазір жастарға мүмкіндік көп. Бүгінде үйге мұқтаж адамдар көмек сұрап келсе, оларды жақсы түсінемін. Бұл бәрінде бірдей осындай қиындық болуы керек дегенді аңғартпайды. Бірақ оны уақытша қиындық деп түсіну керек, өмірдің өткелдерінде шыңдалғаннан кейін бәрі қалпына келеді, - деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысының пікірінше, қазір басқа өмір, басқа мүмкіндіктер, алайда бәсекелес орта әлі де бар. Сондықтан, мемлекет берген мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы