Жастар вандализммен күресіп жатыр

Еріктілер вандализммен күресіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

AMANAT партиясы «Жастар Рухы» Жастар қанатының мүшелері Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтау мақсатында ауқымды акция бастаған болатын. Осы акцияның жалғасы ретінде белсенділер қала ішіндегі ғимараттар сыртын, автобус бекеттерін, көпқабатты үйлердің кіреберістерін, балалар алаңдарын да тазартуға кірісіп кетті.

Жақында ғана Алматыда вандалдар атақты мәнерлеп сырғанаушы, өмірі ерте үзілген спортшы Денис Теннің ескерткішін бүлдіріп кеткен болатын. Осындай олқылықтар мен вандализмдердің санын азайту мен төмендетуді мақсат етіп, тарихи-мәдени орындармен қатар, қаладағы ескерткіштерді қолға алуды жөн көрдік, - дейді Алматы қаласының еріктісі Жұбатай Аңсаған.

Вандализммен күресуші Жастар қанатының белсенділері Павлодар мен Атыраудағы жаяу жүргіншілерге арналған жер асты өткелін тазартса, абайлық жастар «Күшікбай» тарихи ескерткішінің аумағын қоқыстан арылтып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Ал Қостанай мен Петропавл белсенділері ақпараттық материалдар тарату арқылы қала тұрғындарын вандализммен күресуге шақырып жатыр.

Ақтау қаласының көп қабатты үйлердің кіреберісінде, Жезқазғандағы Ғарыш бағындырушыларға арналған ескерткішке, Жетісу облысына қарасты шағын аудандағы Қабан батыр ескерткішінде, Тараз қаласында орналасқан «Төрт көл» тарихи кешенінде бүгін «Жастар Рухы» Жастар қанатының еріктілері жаппай тазарту мен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Вандализммен күресу және тазарту жұмыстарына қатысушы ақтаулық Назерке Ермуханова мұндай жұмыс жалғасатынын айтты.

Жерасты мешіттерінен бастау алған вандализммен күресті, ендігі кезекте, қалада да жалғастырамыз деп шештік. Менің ойымша, әрбір азамат қоғамда әлеуметтік жауапкершілікке ие. Жан-жағымызға көз салсақ, вандалдардың қолымен жасалған қаптаған жазулар мен шимайларды көруге болады. Әр адам мұның бәрін тазарту еңбекпен жасалатынын ұғынса екен деймін. Себебі ол біраз күш пен ресурсты талап етеді. Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, айналамызды таза ұстайық дегім келеді, - деді Ақтау қаласының еріктісі.

Қазақстанның тарихи-мәдени орындары мен ескерткіштерін вандализмнен қорғау мақсатындағы акция барысында «Таңбалы тас» петроглифтерін, «Ақбауыр» шатқалын, Ш. Құдайбердіұлының, С. Сейфуллиннің, Бөгенбай батыр, Кенесары хан ескерткіштерін, «Тектұрмас» кесенесін, «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы қорғанын, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттерін қоқыстар мен жазулардан тазартты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: «Жастар Рухы» Жастар қанаты
Өзгелердің жаңалығы