«Жастар тегін сұрап отырған жоқ». Мұқаев жалдамалы пәтерде тұратындардың жанайқайын жеткізді
Мәжілісте депутат Дәулет Мұқаев жалдамалы пәтерде тұратын жұмыс істейтін жастардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған болатын.
Заңды талқылау кезінде депутат Дәулет Мұқаев өзін алаңдататын сұрақты қойды.
Мені алаңдататыны – жастардың жалдамалы пәтері. Мен осыған қатысты депутаттық сауал да жолдаған едім. Алматы, Астана және Шымкент қалаларында 5 жылға пәтер берілген болатын. 5 жыл уақыт аралығында оларға ақша жинау мүмкіндігі берілді. Бірақ ол пандемия уақытына сәйкес келді. Көбі үйде отырып қалды. Оған қоса кезекте тұрған азаматтар кезектен шығып қалды, - деді депутат.
Мұқаев бағдарлама алғашында 29 жасқа дейін болғанын, ал қазір жастардың санаты 35 жасқа дейін ұзартылғанын айтты. Енді қазір олар әлі де жастар санатында, алайда келесі жылы үйді босатулары керек.
Қазір осы жастарымыз әкімдіктің есігін тоздырып жатыр. Талай жиын өткізді. Министрліктің өкілдерін шақырды. Бірақ сіздерден ешкім келмеді, түсіндірме жұмыстары жүргізілген жоқ. Барлығы келісімшарт негізінде деп айтады. Бірақ 5 жылдан кейін, келесі жылы жастарымыз қайда барады? «7-20-25»-тің жырын барлығымыз білеміз. Оған қоса 50% жинау мүмкін емес. Себебі ол жастарға берілетін жалдамалы пәтерге норма қойылған. Ол - айлығы 120 мыңнан асуы керек деген норма. Яғни негізгі санаттың айлығы 120 мың-200 мың теңге арасында. Бірақ Алматы, Астана және Шымкентте 2019 жылдан бері үйдің бағасы екі есеге өскен. Енді осы жалдамалы пәтерді жастар тегін сұрап отырған жоқ, - дейді Дәулет Мұқаев.
Ол нарықтағы «Елорда жастары», «Алматы жастары» ипотекалық бағдарламасына ауыстыруды ұсынды.
Депутат өзінің жолдаған сауалына министрліктен сырғытпа жауап келгенін атап өтті.