Көкшетаудағы жастар театры алғашқы қойылымын ұсынды

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда Жастар жылына орай ашылған «EL jastar» театры алғашқы қойылымын сахналады. «Армандар кемесі» премьерасы башқұрттың жас танымал жазушысы Айгиз Баймухаметовтың «Тастамашы мені, ана!» повесі негізінде алынған.

Ақан сері атындағы Көкшету жоғары колледжінің актерлік бөлімінің оқытушысы Хакім Хасанбайдың бастамасымен қолға алынған жастар театрының құрамында осы оқу орнының 13 үздік студенттері бар.

Театрдың көркемдік жетекшісі Фархатбек Қанафиннің айтуынша, негізгі көрермен жастар болғандықтан, олардың табиғатына жақын дүниелер ұсынуды жөн көрген.


 «Бұл қойылым кездейсоқ таңдалған жоқ. Жетімдік – әлемдегі өткір мәселелердің бірі. Әлі де өзектілігін жоймай отыр. Бұл туралы жастармен жиі пікірлескен жөн. Қоғамда жанды ауыртар ақпараттар көп. Қазіргі жастар үшін нәрестеден бас тарту қалыпты құбылысқа айналып барады. Айгиз Баймухаметовтың шығармасы кез келген оқырманның санасына жететіндей түсінікті тілмен жазылған. Өйткені автордың өзі ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде өскен, ондағы сан қилы тағдыр иелерінің өмірін көзімен көрген», - дейді Фархатбек Қанафин.

Қойылымның премьерасына автордың өзі келіп қатысып жас актерлер мен актрисалардың өнеріне тәнті болды және өзінің шығармасын спектакльдің өзегі етіп алғандарына ризашылығын білдірді.

«Қойылымға негіз болған шығармам бірнеше тілге аударылды, осы елде екі рет баспадан шығарылды. 23 жасымда жазған шығарманың басты кейіпкері Ілиястың прототипі – өзім. Балалар үйінде көрген, сезінгенімді баяндаймын. Жетімдер саны азайса, тастанды балалар болмаса екен деп армандаймын. Өзім тәрбиеленген балалар үйіндегі 100-ге жуық тастандылардың 90-ының ата-аналары тірі болатын. Қойылым арқылы оқырманның санасына адам баласы бір-біріне қамқор болуы керек деген ойды сіңіргім келді. Сондықтан да болар, театр сахналарында қойылып жүрген пьесса оқырманның жақсы бағасына ие болып жүр. Көкшетауда тұңғыш ашылған жастар театрының менің шығармамды таңдағаны әрине, қатты қуантты. Биыл Қазақстанда Жастар жылы жарияланғаны керемет жаңалық болып отыр. Жастарға тың бастамалар мен креативті идеяларын жүзеге асыруға зор мүмкіндік», - дейді Айгиз Баймухаметов.

«Армандар кемесі» қойылымында Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері ойнады.  Балалар үйлеріндегі  жетімдердің тағдыры көрерменді бей-жай қалдырмады. Жетімектердің басына түскен тауқіметті студенттердің шебер суреттегені сонша,  жиналған жұртшылық көзіне келген жастарын ірке алмай, қойылымның соңына дейін жылап отырды. Бұл жас актерлердің шеберлігін көрсетеді, әрі режисердің сапалы еңбегінің нәтижесі.

Әсем Ұланқызы, фото: автор

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы