28 Қыркүйек 2022 2022, 11:19

Жастар саясаты туралы: ауыл жастары басты назарда болуы тиіс - министр

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жастар саясаты туралы заң жобасында қандай жаңашылдықтар бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жастар саясаты туралы заң жобасында қандай жаңашылдықтар бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет Басшысы қоғамның саяси және экономикалық трансформациясы, сондай-ақ, табысты және әділ Қазақстан құру бағытында ауқымды міндеттер қойып отыр. Бұл процестердегі жастардың орны айрықша. Өйткені, ел халқының 20 пайызынан астамы - жастар. Біз жастардың дамуына жол ашып, өмірден, қоғамнан өз орнын табуына мүмкіндік беруге, жағдай жасауымыз керек, - деді Дархан Қыдырәлі.

Ол бұл заң жобасының осы бағыттағы мемлекеттік маңызы бар құжаттың бірі екенін атап өтті. 

Сол себепті жастарымыздың білім алуы, жұмысқа орналасуы, денсаулығы, өзін-өзі дамытуы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне толыққанды қатысуы үшін тең мүмкіндік пен қолайлы жағдай жасау - кезек күттірмейтін көкейкесті мәселе. Әсіресе, ауыл жастары мен әлеуметтік жағдайы төмен жастар басты назарда болуы тиіс, - деді Ақпарат министрі Мәжілістің жалпы отырысында.

Сондай-ақ министрдің сөзінше, жаңа өндіріс орындары мен жаңа жұмыс орындарын ашып жатқан белсенді әрі бастамашыл жастарды, жас кәсіпкерлерді қолдау да - күн тәртібіндегі маңызды іс.