Жастар қоғамның өзекті мәселелерін фотоөнер арқылы көрсетті
Алматыда “Шекарасыз фотосурет” атты ерекше көрме ашылып, оған 34 оқушының еңбектері қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көрмеде ұсынылған фотожұмыстардың тақырыбы кең ауқымды қамтыды. Мәселен, гендерлік теңдік, климаттың өзгеруі, экожүйені сақтау, лайықты еңбек, экономикалық өсім, аштықты жою және инклюзивті қоғам құру мәселелерін басты назарға алды.
Жастарға арналған бұл бағдарлама қатысушылардың техникалық және креативті дағдыларын жетілдірумен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелерді фотосурет арқылы көрсетуге мүмкіндік береді.
Көрме жастарға арналған Canon Young People Programme бағдарламасы негізінде жүзеге асқан.
Мамыр айында қазылар алқасы 29 фотосурет пен 8 қысқаметражды фильмнің ішінен жеңімпаздарды анықтаған.
Біз Жастарға арналған бағдарламасының іске қосылғанын мақтан тұтамыз. Былтыр Қазақстанның бірнеше қаласында өткен “Көзге көрінбес әлем” бедерлі фотосурет көрмесін аштық. “Шекарасыз фотосурет” — Алматыда ашылып отырған екінші көрме. Әлеуметтік фотокөрме — маңызды нәрсені көрудің бір жолы. Біз көрінбейтінді көрінетін етуге тырысамыз. Өскелең ұрпаққа өз дарынын іске асырудың дағдылары мен құралдарын беріп, әрі қарай ұмтылуы, үйренуі, шабыттануы, өз идеяларын жүзеге асыруы үшін жол ашқымыз келеді, — деді Қазақстандағы Canon CEE Өкілдігінің басшысы Азиз Ниязов.
Көрме ұйымдастырушыларының бірі Марал Рахымжанова фотосуреттер мен бейнелердің ерекше бір “тіл” екенін атап өтті. Бұл тілде сөйлеу үшін тек шығармашылық қана емес, сонымен қатар үйрену, дағдыларды дамыту және кері байланыс алу мүмкіндігі маңызды екенін айтты.
Қазылар алқасы фотожұмыстар мен бейнематериалдар арасында үздіктерді анықтап, үш жүлделі орын бойынша марапаттады. Бағалау барысында жұмыстардың тек техникалық шеберлігі мен эстетикалық деңгейі ғана емес, олардың әлеуметтік маңыздылығы да ескерілген. Жұмыстарды жан-жақты бағалау үшін қазылар алқасының құрамына танымал фотографтар мен тәжірибелі операторлар ғана емес, сонымен қатар режиссер, саясаттанушы, журналист және коммуникация мамандары кірді. Жеңімпаздар белгілі бір сомаға сертификаттар алды, оны Canon жабдығына жұмсай алады немесе мектепте оқу ақысын төлей алады.
Мен “Жақсы денсаулық және әл-ауқат” тақырыбын таңдадым. Бұл арқылы денсаулықтың тек физикалық емес, рухани жағын көрсеткім келді. Денсаулық — ішкі тұтастық пен еркіндік сезімін білдіреді, — деді бейнежұмыстар санаты бойынша жеңімпаз атанған Камила Сұлтансихова.