Жастар практикасы: Қай мамандықтарға сұраныс жоғары?
2026 жылғы ақпан-наурыз айларының қорытындысы бойынша жоба аясында 423 адам жұмыспен қамтылған.
2026 жылы Қазақстанда «Жастар практикасы» жобасы аясында 25 мыңға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бағдарлама еңбек нарығына енді қадам басқан түлектер үшін алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтауға бағытталған. Жобаға жасы 35-тен аспаған, оқу орнын тәмамдаған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Ол үшін Мансап орталығына өтініш беру қажет.
Практика барысында қатысушылар тек жұмыс істеп қана қоймай, кәсіби ортаға бейімделу мүмкіндігіне ие. Әрбір жас маманға жұмыс беруші тарапынан тәлімгер бекітіліп, оның кәсіби дағдыларды меңгеруіне қолдау көрсетіледі.
Жалақы төлемдері мемлекет есебінен жүргізіледі. Қаржыландыру «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Қаражат жұмыс беруші ұсынған деректер негізінде қатысушылардың банк шоттарына ай сайын аударылады, - дейді министрлік.
2026 жылғы ақпан-наурыз айларының қорытындысы бойынша жоба аясында 423 адам жұмыспен қамтылған.
Ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында:
- мейіргер – 124 адам;
- заңгер – 66 адам;
- шет тілі мұғалімі – 57 адам;
- тәрбиеші – 47 адам;
- бастауыш сынып мұғалімі – 43 адам.
Бұл көрсеткіштер білім беру мен әлеуметтік саладағы кадрларға қажеттілік жоғары екенін көрсетеді.
Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 129,7 мың теңгені құрады.
Министрлік мәліметінше, «Жастар практикасы» жобасы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, білікті мамандарды қалыптастыруға ықпал етеді.