13 Қараша 2026, 12:43 Фото: magnific.com

Жастар кітап оқудан алыстады ма? Қазақстандағы зерттеу қызық деректерді көрсетті

Қазақстанда 18-28 жас аралығындағы жастардың 48,9 пайызы кітап оқуға қызығушылық танытады. Ал 13-17 жастағы жасөспірімдердің 65 пайыздан астамы тұрақты түрде кітап оқиды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қазақстандықтардың кітап оқу әдеті қандай?

Қазақстандық қоғамдық даму институты 2026 жылғы 8-28 маусым аралығында «Қазіргі қазақстандық қоғамның әлеуметтік құрылымы» атты зерттеу жүргізген. Оған 18 жастан асқан 4 800 адам қатысқан. Сауалнама ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде жеке сұхбат әдісімен өткізілген.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 43,4 пайызы кітап оқуды ұнататынын айтқан. Ал 53,3 пайызы кітап оқуға қызығушылық танытпайтынын жеткізген.

Кітап оқуға кедергі келтіретін негізгі себептердің бірі – уақыттың жетіспеуі.

Сонымен қатар кітап оқуға қызығушылық ең жоғары 18-28 жас аралығындағы жастар арасында тіркелген. Бұл топтағы көрсеткіш 48,9 пайызды құрады.

Жасөспірімдердің 65 пайыздан астамы тұрақты кітап оқиды

Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу әдетін зерделеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы 2026 жылғы наурыз-маусым аралығында «Балалардың кітап оқуы – ұлттық құндылық» атты республикалық зерттеу жүргізген.

Зерттеу еліміздің барлық өңірін қамтыған. Оған 36 мыңнан астам респондент қатысқан. Олардың қатарында:

  • 9-12 жас аралығындағы 9 мыңнан астам бала;
  • 13-17 жас аралығындағы шамамен 16 мың жасөспірім;
  • 8 мыңға жуық ата-ана;
  • 1 610 кітапхана маманы бар.

Зерттеу нәтижесінде 9-12 жастағы балалардың басым бөлігі кітап оқуға қызығушылық танытатыны, кітапханаларға тұрақты баратыны және кітапты білім алу мен бос уақытты тиімді өткізудің маңызды құралы ретінде қабылдайтыны анықталған.

Ал 13-17 жастағы жасөспірімдердің 65 пайыздан астамы тұрақты түрде кітап оқиды.

Олардың арасында шытырман оқиғалы шығармалар, фэнтези, детективтер және заманауи көркем проза танымал. Жасөспірімдердің шамамен 60 пайызы баспа кітаптарын оқуды жөн көреді. Сонымен қатар электронды және аудиокітаптарға да қызығушылық артып келеді.

Зерттеу барысында кітапхананың жасөспірімдер үшін тек кітап алатын орын емес, қарым-қатынас жасауға, білімін жетілдіруге және шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін кеңістік ретінде бағаланатыны да анықталған.

Балаларды кітап оқуға қалай қызықтыруға болады?

Зерттеу нәтижелері балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға қызығушылығы сақталғанын көрсеткен. Алайда оны тұрақты әдетке айналдыру үшін отбасы, мектеп және кітапханалардың бірлескен жұмысы қажет.

Осы бағытта кітап клубтары, әдеби квесттер, шығармашылық кездесулер мен түрлі байқаулар ұйымдастыру маңызды рөл атқарады.

Комитеттің мәліметінше, балалардың оқу мәдениетін қалыптастыруда ата-аналар мен кітапхана мамандарының да ықпалы зор.