Жастар кадрлық резервінің мерейтойлық жобасы басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде Жастар кадрлық резервінің 10 жылдық мерейтойлық жобасы басталды.
Жоба жайлы "Bolashaq" қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова айтып берді. Оның мәліметінше, жобаның мақсаты - жастар арасында мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес және қоғамдық қызмет саласы үшін қазіргі заманғы, тиімді басқарушылардың жаңа генерациясын қалыптастыру.
"Жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асады. Байқауға қатысушыларды тіркеу, іріктеу, бетпе-бет тілдесу, білім беру кезеңі және тағылымдамадан өту. Жоба қорытындысы бойынша еліміздің әр аймағынан 3 адамнан 51 жас азамат іріктеледі. 34 адам ҚР Парламентінде, 17 адам орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда тағылымдамадан өтеді", - деді Лаура Демесінова ОКҚ брифингі барысында.
Оның айтуынша, 10 жыл ішінде жобаға 15 мыңнан астам жас азамат қатысқан. Олардың 486-сы конкурстық іріктеуден, тестілеуден, оқу модульдерінен және ҚР Парламенінен, ұлттық компаниялардан, орталық мемлекеттік органдардан іс-тәжірибеден өткен.
"Жобаға 18-29 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Өтінімдер www.jastar-rezerv.kz сайты арқылы 2019 жылдың 26 шілдесінен 5 қыркүйекке дейін қабылданады. Конкурсқа қатысушыларды облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, БАҚ және бизнес саласы өкілдері кіретін арнайы комиссиялар іріктейді. Біздің басты мақсатымыз - осы жобаның көмегімен елдің жас ұрпағының жақсы әлеуетіне негізделген мықты резерв құру", - деді Лаура Демесінова.