Жастар кадрлық резерві үлкен серпіліс болады – Исламбек Дастан
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыптағы халыққа Жолдауы туралы «Жастар ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ басшысы, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Исламбек Дастан пікір білдірді.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының алғашқы Жолдауын тыңдап сөзіне берік адам екеніне көзіміз жетті. Өйткені тұтынушылық несиенің 300 мыңға дейінгі қарызы шынын айту керек жабылды. Оны біз құптаймыз. Өйткені тұтынушылық несиенің көбісі банктердің компаниялардың үстінен қосып сататын, пайда көретін механизм деп білеміз. Президенттің Жолдауында жастарға байланысты айтылды. Жастар кадрлық резерві үлкен серпіліс болады деп білемін. Бүкіл республикадан 300 адам жинақталады. Алдағы уақытта осы елді басқаратын жаңа басшылардың форматы болады деп сенемін», - деді Дастан.
Ол бағдарлама қатысушыларына қойылатын талаптарды қолдайтынын, алайда ұсыныс жинау деген тұсы жастарға сәйкес келмейтінін жеткізді.
«Президенттің үлкен мақсаты мен серпілісі деп Қазақстанның гүлденуін ауылдық елдімекендердегі жас кадрлармен байланыстыруын айтар едім. Жас кадрларды жаңарту, оларды тұрғылықты жерде тұрғызу бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасына көңіл бөлуде. Біртіндеп жағдай жөнделіп келе жатыр, бірақ бұл мәселеде түбегейлі өзгерістер қажет деп есептеймін. Бүгінде бағдарламаның форматын өзгерту керек. Президент Үкіметке осыны қарап шығуды тапсырған болатын», - деп пікір білдірді ол.