Жастар көшбасшысынан холдинг вице-президентіне дейін...
Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ол – Қазақстанда машина құрастыру саласындағы белгілі компанияның бірінші вице-президенті. Бұл лауазымға 32 жасында, 2016 жылы тағайындалған. Қазір ол еліміздегі топ-менеджерлердің бірі.
Біз "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының 2019 жылғы жеңімпазы Динара Шүкіжанова туралы айтып отырмыз. Ол жобаның ресми сайтында 26 мыңға жақын дауыс жинап, Қостанай облысынан былтыр тізімге енген төртеудің бірі болды.Жеңімпаз қыз мектеп жасынан белсенділігімен, білімге құштарлығымен ерекшеленген. Жоғары оқу орнын үздік аяқтап, әкімдікте, "Нұр Отан" партиясында еңбек етіп, тәжірибесін арттырды. Бертін келе жастар ұйымдарымен етене жұмыс істеп, кәсіпкерлікпен де айналысты.
Динара "Агромашхолдинг" компаниясындағы еңбек жолын ең алғаш 24 жасында баспасөз хатшысы болып жұмыс бастаған. Талабымен, тәртібімен, еңбекқорлығымен көзге түскен қызға зауыт басшылығы бірер жылдан кейін HR-басқармасын басқаруды ұсынады. Оның жұмысын табысты атқара жүріп, Динара зауыт мамандарын оқытатын корпоративтік университет ашуға бастамашы болады.
Мен HR-басқармаға басшы болып келген жылдары зауыт жұмысы енді жанданып жатқан. Әрине, кадр жетіспеушілігі анық сезілді. Инженерлер тапшы. Сөйтіп, холдинг басшылығына ұсынысымды айтып едім, қолдай кетті. Корпоративтік университеттің бір пайдалы тұсы – жұмысқа тұрғысы келген адам практикамен тез үйреніп шығады, мамандарымыздың білімі мен білігін де жетілдіріп алдық, - деп ойға оралтты ол бұдан 10 жыл бұрынғы кезеңді.
Динара Шөкіжанова Қазақстанда автомобиль өндірісін дамытуға аянбай тер төкті. Осы еңбегінің нәтижесі – қазір өзі қызмет ететін кәсіпорында 60 мыңнан астам көлік шығарылды. Зауытта 1500 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұған да оның қосқан үлесі зор.
Қазақстанға инвесторларды тарту ісіне де белсене араласып келеді. Бірнеше жобалардың жетекшісі ретінде lovol трансұлттық компаниясымен бірге 30-дан 130 ат күшіне дейін трактор өндіру жөніндегі бірлескен кәсіпорынды ұйымдастырумен айналысты. Өндіріс орнының қуаттылығы 3000 бірлік тракторға есептелген, сондай-ақ, 120 жаңа жұмыс орны құрылды.
Мемлекет қолдауының арқасында бізде қазір техниканың бірнеше түрі шығарылады. Еліміздегі, көрші елдердегі шаруалар тракторлар туралы көбірек сұрап, қызығып жатыр. Бұл – Қазақстанда өндірілген, құрастырылған өнімнің бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді, - дейді Динара.
Топ-менеджер тек өндірістік жобаларды жүзеге асырумен қатар, инвесторлар іздейді, келіссөздерді табысты жүргізеді. Оның тағы жарқын жетістігі – «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауында зауыт өнімдерінің «Өндірістік мақсаттағы тауарлар» санатында жеңіске жетуі. Қазақстан өндірісіне «Кировец» тракторларын құрастыру жобасын әкелгенін де айта кетуге болады.
Табысқа жету үшін командаң мықты болу керек, кәсіби шеберлік тұрған жерде алынбас қамал жоқ, - деп санайды "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы.
Динара қайырымдылық шараларына да атсалысып тұрады. Өзі қарауына алған балалар үйі бар. Бірақ, ол туралы көп айтқысы келмейді. "Қайырымды үнсіз жасау керек" дейді өзі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы