Жастар елдің тірегі болуға тиіс - Махамбетов
"Самұрық-Қазына" АҚ, Энергетика және тау-кен активтері департаментінің Тау-кен активтері секторының басшысы Әсет Махамбетов Президенттің үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысымен кездесу протоколды рәсімдерге сәйкес ұйымдастырылса да, ол қолайлы және ерекше атмосферада өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бізге жүгінген кезде әке ретінде қатал, бірақ мейірімді болды. Сөздің алдын ала дайындалған мәтініне қарамастан, Президент кейбір кездерде негізгі мәтіннен алшақтап, өз ойларын тікелей жастарға қарата ашық жеткізді. Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадрлық резервінен жоғары үміт күтілетінін және әрі жастар елдің сенімді тірегі болуға тиіс екенімізді айтты, - деді Әсет Махамбетов.
Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысты.
Жиын алдында Мемлекет басшысына Президенттік жастар кадр резервінің қатарына әр жылдары өткен мамандардың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Президентке «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің артықшылықтары, Citix компаниясы өнімдерінің экспорттық әлеуеті, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңдеуші өнеркәсіп пен энергетика секторына инвестор тарту тәжірибесі, сондай-ақ бюджеттік процестерді оңтайландыруға арналған «eAkimat365» ақпараттық жүйесі туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде жастардың осынау инновациялық ізденістерін оң бағалап, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан мұндай бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді.