Жастар экологиялық білімін шыңдады

Қазақстанның экологиялық қоры Ақмола облысы Талқара кентіндегі «Боровичок» лагерінің базасында «Өскелең ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында республикалық тренинг өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Қоршаған ортаның қазіргі жағдайы өскелең ұрпақта экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейтін орта білім беру жүйесінен сыныпта да, сабақтан тыс уақытта да ұйымдастырылатын әртүрлі экошаралардың мазмұны мен формасын қайта қарастыруды қажет етеді. 

Экологиялық қордың баспасөз қызметі хабарлағандай, экологиялық мәселелерді шешудің түрлі әдістері бар, соның бірі – экологиялық ой-өрісті дамыту, яғни егер біздің планетамыздың әрбір тұрғыны өзінің іс-әрекетін экологиялық тұрғыдан бағалай алатындай  білімі болуы. Демек, оқушылардың экологиялық ой-өрісінің қалыптасуын экологиялық мәдениеттің нәтижесінде адамзаттың өмір сүруі мен болашақта дамуының қажетті шарты ретінде қарастырған жөн.

Бүгінгі тренингтің мақсаты – оқушылардың қоршаған ортаға, табиғаттың әртүрлі объектілеріне қатысты шешім қабылдағанда дұрыс экологиялық көзқарасты қалыптастыру, іс-әрекеттерінің нәтижесіне талдау жасау арқылы, жас ұрпаққа ой салу.

Республикалық шараға лагерь жетекшілері, жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие процесін ұйымдастыратын мұғалімдер, көп жылдық тәжірибесі бар әдіскерлер, Қазақстан экологиялық қорының қызметкерлері және 12-15 жас аралығындағы 160-тан астам лагерь оқушысы белсене қатысты.Тренинг бағдарламасы жалпы орта білім беру мекемелеріндегі оқу-тәрбие үдерісі аясында білім беруге қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып құрастырылған. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған материалдар жеке, метапәндік деңгейлерде, оның ішінде отандық және шетелдік ғалымдар мен практик-педагогтардың мойындалған әдістері ұсынылған, - делінген хабарламада. 

Шара барысында балалар қызықты әрі танымдық тапсырмаларды орындай келк, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған логикалық есептерді шешті, алға қойылған мәселелерге өз көзқарастарын білдіріп, өз позицияларын қорғап, қызу талқыға салды. Тренинг соңында қатысушылар әлеуметтік желідегі парақшаларында шара аясында білген жаңа ақпараттарымен бөлісіп, ақпараттың қамту аясын кеңейте түсті. 

Атап өтетіні, осы тренинг барысында «Өскелең ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру» атты орта буын оқушыларына арналған әдістемелік оқу құралының тұсаукесері өтті. Қазақстанның экологиялық қоры аталған әдістемелік оқу құралын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ грантының асында әзірледі. 

Бұл оқу құралы орта буын оқушыларында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында сыныптан тыс жұмыстардың бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін материалдардан тұрады. Әдістемелік құралдың құрылымы мен мазмұны жалпы орта білім беру мекемелеріндегі оқу-тәрбие үдерісі шеңберінде білім берудің заманауи талаптарын ескере отырып құрастырылған. Материалдар білім беру ұйымдарында жұмыс істеуге, сондай-ақ халықтың экологиялық сауаттылығын арттыруға мүдделі тұлғаларға арналған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы