Жастар борышын өтеуге Сарыөзекке аттанды
Қаланың "Жастар" саябағында әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мерекелік шараға қалалық әкімдік пен қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшылығы, әскери қызметшілер, Қарулы күштер мен Ауған соғысының ардагерлері, тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, жоғары оқу орындарының студенттері, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері және әскерге шақырылушылардың туыстары мен жақындары қатысты.
Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев жастарды өмірдегі маңызды оқиғамен құттықтады. Ол аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының – батылдық табиғаттың сыйы емес, саналы тәрбиенің нәтижесі, – деген қанатты сөзін еске салды. Жігер беретін қастері сезім адамды сын сәтте алға жетелейді. Отан үшін тәуекелге барып, өзін құрбан етуге итермелейді.
Әскерде қызмет ету – бұл әр адамның міндеті ғана емес, сонымен бірге үлкен мәртебе. Сендер үшін алдағы жыл – маңызды өмірлік кезең. Осы уақыт ішінде сендер әскери-есептік мамандық алып, нағыз Отан қорғаушы боласыңдар, – деді ол.
Шараға жиналған ардагерлер, мұғалімдер мен ата-аналар да әскерге шақырылушыларға ақжол тіледі.
Ел қорғаны болу – әрбір азаматтың арманы. Қарулы күштер қатарына қосылу – нағыз ер жігітке тән. Әрбір жас жігіт мұны саналы түрде жасауы керек, – деп атап өтті Жетісу облысы "Қарулы күштердің ардагерлері" РҚБ филиалының төрағасы 1-дәрежелі капитан Рахым Қырғабақов.
Әскерге шақырылушы Бауыржан Русланұлы болашақ жоспарын да айтып қалды. Ол осы бастан өз тағдырын әскери мамандықпен байланыстыруға шешім қабылдап қойыпты.
Әскерге бару туралы шешімді өзім қабылдадым. Мерзімді қызметтен кейін келісімшартқа отырып, әскери қызметті жалғастырғым келеді. Маған армия тәртібі ұнайды. Бүгінгі таңда бұл өмірлік бағдарым. Туған елім үшін пайдалы іс тындыруға тырысамын, – дейді жас жігіт.
Іс-шараға қатысушыларға 18404 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетіп, әскери-патриоттық әндерді орындады. Ал 21751, 48386 әскери бөлімдерінің жеке құрамы мен әскери полицейлер арнайы әскери киім үлгілерін көрсетті.