Министр жастар баспанамен қалай қамтылатынын айтты
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жас мамандар баспанамен қалай қамтылатынын айтты.
«Мемлекет Басшысының «Жастар жылының» ашылуы кезінде берген тапсырмаларын іске асыру аясында 2019 жылға Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 1 мың жалдамалы пәтер құрылысына 7,2 млрд теңге қарастырылды. Осылайша, жас мамандар үшін 3 жылда 3 мың пәтердің құрылысына 21,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Бюджетке қатысты барлық мәселелерді Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдады және олар қазір Мәжілістің қарауында жатыр», - деді Роман Скляр Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының съезінде берген тапсырмаларын іске асыру бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар және толық емес отбасыларға 20 жылға дейін алғашқы жарнасы 10% болатын жылдық мөлшерлемесі 2% жеңілдетілген кредиттеу жүйесін енгізу ұсынылады.
«Алғашқы жарнаға тұрғын үй сертификатын пайдалануға мүмкіндік бар. Аталған механизмді 3 жыл ішінде іске асыру үшін жыл сайын 50 млрд теңгеден 150 млрд теңге қажет болады. Жыл сайын 6 мың займ беру жоспарлануда, сонымен қатар әкімдіктер тарапынан 2 мың пәтер сатып алу қамтамасыз етіледі. 3 реттік айналым есебінен 25 жылда 56 мың көпбалалы отбасыға займ беріледі», - деді Роман Скляр.
Бұған дейін министр «жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі» деген болатын.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Түркістанда ардагерлерге қолдау көрсетіледі
Келесі жаңалық
Көкшетауда полицейлер тұрғындарды өрттен құтқарды
Өзгелердің жаңалығы