Жастар арасындағы маскүнемдікке не себеп? Зерттеу қорытындысы
«Денсаулық» ұлттық қауымдастығы мен Алматы менеджмент университеті (ALMAU) Алматыдағы 16 ЖОО-да оқитын студенттер арасында алкоголь тұтынуға қатысты зерттеу жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сауалнама жүргізуге университеттің 1-курсында оқитын 32 студент тартылды. Сауалнамада респонденттердің жасы, олардың қауіп факторларына кіру не кірмеуі, зиянды азайту тәсілдері туралы хабардар болуы, зиянды өнімдер туралы ақпараттың жалпы деңгейіне қанағаттануы туралы сұрақтар болды. Сондай-ақ алкогольді тұтынуға көзқарасы мен оны тұтынуға қарсы қандай шараларды тиімді деп санайтыны туралы арнайы сұрақтарға жауап берді.
Сауланамаға барлығы 18 бен 21 жас аралығындағы және одан жоғары жастағы 947 адам қатысты. Респонденттер денсаулыққа әсер ететін жағымсыз факторлар ретінде темекі шегуді (59%), алкоголь тұтынуды (52%), отыру өмір салтын (30%), дұрыс тамақтанубау (33%) мен артық салмақты (34%) атады.
Сауалнамаға қатысушылардың үштен екісі 18 жасқа жетпей ішімдік ішіп көрген. 31%-ы 18 бен 21 жас аралығында, қалған 6%-ы 21 жастан асқан соң дәмін татқан. Айта кетсек, заңнамада балаларға ішімдік сатуға рұқсат берілмеген. Алкогольді 21 жастан асқан адамдарға ғана сатуға рұқсат.
Респонденттердің үштен бірі ішімдік бағасын өсіру оны тұтынуға еш әсер етпейді дейді. Қалғандары баға өссе ол ішімдік сатып алуға да әсер етпей қоймайды дегенмен келіседі. Ішімдіктің денсаулыққа зиянын қалай азайтуға болады деген сауалға респонденттердің шамамен 28%-ы «бұл мүмкін емес» деп жауап берді. Алкоголі аз сусындарға ауысу, ішімдік ішуді азайту секілді әрекеттер арқылы денсаулыққа зиянын төмендетуге болады дейтіндер де жоқ емес, - делінген зерттеу қорытындысында.
Сауалнама қатысушылары студенттер арасында маскүнемдіктің таралуына не себеп деген сұраққа көпшілігі достары мен студенттер араласатын компанияның әсері деп жауап берді.
Сауалнамаға қатысқандардың 42%-ы алкогольдің өте қолжетімді болуы маскүнемдіктің кең етек жаюының басты себебі деп есептейді. Студенттердің 25%-ы стрессті, қақтығыстарды және үмітсіздікті жастар арасындағы маскүнемдіктің негізгі себептері деп атады. Респонденттердің 27%-ы ішімдіктің зияны туралы білімі аз екенін мойындап отыр.
Студенттердің басым бөлігі ішімдіктерді сату шарттарын қатаңдату және бағаны көтеру, айыппұл салу маскүнемдікпен күресудің тиімді тәсілі деп есептейді. Салауатты өмір салтын насихаттауға көбірек көңіл бөлу керек екенін де жасырмайды.
Респонденттердің (38%) айтуынша, өздері білім алатын жоғары оқу орнында ішімдіктің зияны туралы алдын алу жұмыстары жүргізілмейді. Жүргізілсе де ол жайлы естімегендіктен тиімсіз деп есептейді.