Қарағанды облысында жастар арасында жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде өткен жылмен салыстырғанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 0.5%-ға төмендеді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінде өткен аппараттық жиналыс барысында жастар саясаты басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев мәлімдеді. 

Басқарма мамандары жұмысқа орналастыру саласында белсенді жұмыс жүргізуде. 2019 жылдың бірінші тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4.7%-ды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 0.5%-ға төмендеді. 

Жастарға жұмысқа орналасуға жұмыспен қамту орталықтары үлкен көмек көрсетуде. Жыл басынан бері бұл мекемеге 1190 адам жүгінген. Оның 267-і тұрақты жұмыс тапты. 565 адам қысқа мерзімді оқыту курстарына жолдама алды.

Ауылда жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін облыс әкімінің грантына байқау өткізілуде. 2019 жылы бұл мақсаттарға 10 млн. теңге бөлінді.

«Жас кәсіпкер» жобасы аясында өз бизнесін бастағысы келетін жастарға 550 грант бөлінді. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін 29 жасқа дейінгі 315 адам оқып жатыр. 

Сондай-ақ, ведомство балалар үйінің түлектеріне тұрғын үй беру мәселелерін белсенді шешуде. Жыл басынан бері 45 жетім жаңа пәтер кілтіне ие болды. Оларды тұрғын үй сатып алу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға белсенді түрде тартады. 

«Біз тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлеміз. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өкілдерімен, Қазақстандық ипотекалық компаниямен жүзден астам кездесу өткізілді. Сондай-ақ, біз «7-20-25» және басқа да бағдарламалардың жұмыс тетігін түсіндіреміз. Осындай кездесулерге 3500-ге жуық адам қатысты», - деді Нұржан Жетпісбаев. 

Несие алу және өз ісін ашу, қысқа мерзімді курстардан қайда өту және жұмыс іздеуде, тұрғын үй сатып алу бойынша көмек сұрап келген жастарға арнайы құрылған ақпараттық топтардың мүшелері көмектеседі. Өңірде осындай 32 бірлестік жұмыс істейді. Олар 28 мыңнан астам жастарға кеңес берді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы