Жастар арасында фрилансерлердің көбею себебі неде?
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы аналитиктері еңбек нарығы бойынша дайындаған ұлттық баяндамада 2018-2022 жылдары жастар арасындағы жалдамалы жұмыскерлердің саны жылына орта есеппен 48 мың адамға азайып отырғанын көрсетті. Оның үстіне Қазақстанда жастарға 14-35 жас аралығындағылар жататынын ескерсек, оның арасында жалдамалы еңбекке қатысты ең белсенді топқа 29-34 жас аралығындағы санат жататынын анықтады. Ал жастар арасындағы фрилансерлер саны, 2023 жылғы дерек бойынша, 513,2 мың адамды құрады.
Осы орайда BAQ.KZ тілшісі әлеуметтанушылардан фрилансерлерге кімдер жататынын және жастар арасында фриланс мәдениетінің артуы немен байланысты екенін сұрап көрді.
"Үйде отырып торт пісіру де фриланс"
Фрилансер – ресми жұмыс берушісі жоқ тәуелсіз маман. Ол әртүрлі компаниялармен немесе жеке тапсырыс берушілермен жұмыс істейді. Фрилансерлер өз қызметін келісімшарт негізінде ақылы түрде ұсынады. Олардың нақты жұмыс уақыты мен бекітілген кестесі болмайды. Әдетте олар бірнеше жобаны қатар атқарып, өз жұмысын өзі басқарады.
Әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов фрилансерлерге компьютермен жұмыс істейтін IT, дизайн, маркетинг сияқты сала өкілдері ғана емес, кондитер, репетитор, тігінші мамандар да жатуы мүмкін екенін айтады.
Фриланс деген – өз бетімен, еркін түрде жұмыс істейтін маман. Ол міндетті түрде компьютермен жұмыс істеуі шарт емес. Курьерлер мен таксистер де фрилансер ғой. Қалаған уақытында жұмысқа шығады. Қаламаса, шықпайды, өз еріктерінде. Менің ұғымымда үйде отырып торт пісіру де фриланс. Үйде отырып біреуге сабақ беру, мысалы математикасына көмектесу де фриланс. Онлайн консультация беретін дәрігерлер бар. Үйден отырып тапсырыс қабылдап, киім тігетін тігіншілер бар. Соның барлығын фриланс деп білемін. Фрилансер тек қана компьютерін құшақтап кофеханада отыратын адам емес, - деді әлеуметтанушы.
Ілияс Тілеубергеновтың айтуынша, фриланс – өзін-өзі жұмыспен қамтудың бір түрі. Әлеуметтанушы Қазақстан үшін жаңа бұл саланы реттеу қажет деп санайды. Себебі ол өркениетті елдегі барлық шаруа заң аясында болатынын атады.
Фрилансерлер ауызша келісуі мүмкін. Сосын ақшасы төленбегеннен кейін опық жеуі мүмкін. Немесе жұмыс беруші жұмысты береді, фрилансер істемейді. Сосын жұмыс берушінің жұмысы ақсайды. Айталық "ресторанға кешкісін той берем" дейді. Соған "торт пісіріп әкел" дейді, олар "иә" дейді, бірақ істемейді. Екі ортада тойға келгендер тортсыз қалады. Бұл саланы ешкім ешкімге жем болмауы үшін реттеу керек, - деді маман.
Әлеуметтанушы ол үшін шетелдік тәжірибені зерттеу керегін жеткізді.
Шетелдік тәжірибені зерттеу керек. Сол фрилансерлердің, оларға жұмыс беретін жұмыс берушілердің пікірін сұрау керек. Бірақ шетелде осылай екен деп көшірме жасауға да болмайды. Билік иелері реттеу дегенді қысып тастау деп те түсінбеу керек, - деді Ілияс Тілеубергенов.
"Фриланс жастарға еркіндік береді"
Әлеуметтанушы Жұлдыз Сембина қазіргі жастар арасында фриланс мәдениетінің таралуының негізгі себебі еңбек нарығының өзгеруі деп санайды.
Қазіргі замандағы еңбек нарығында тұрақты, ұзақмерзімді жұмыс орындары азайып келеді. Жастар үшін классикалық "бір компанияда өмір бойы жұмыс істеу" моделі өзектілігін жоғалтып барады. Компаниялар шығындарды азайту мақсатында жобалық не уақытша қызметкерлерді жиі тартады. Тіпті қазіргі кезде еліміздегі кейбір ұлттық компаниялар да осындай модельге көшіп жатыр дегенді құлағым шалып қалды. Бұл фрилансқа сұранысты күшейтеді, - деді маман.
Әлеуметтанушы фрилансерлердің көбеюіне цифрлану және технологиялық дамудың да әсері бар екенін айтты.
Интернет пен онлайн-платформалардың дамуы әлемдік деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы өзін-өзі таныстыру мен клиент табу жеңілдеді, - деді ол.
Жұлдыз Сембина жастардың құндылықтарында жұмыс пен өмірдің балансы маңызды орынға шыққанын атады. Маманның айтуынша, фриланс бұл тұрғыда жастарға еркіндік береді, себебі фрилансер қашан, қайда жұмыс істейтінін өзі шешеді.
Сонымен қатар жастардың толық жұмыс күні, яғни кеңседе 8 сағат жұмыс істеуге деген мотивациясы төмен деп ойлаймын. Ол, меніңше, құндылықтардың өзгеруімен байланысты. Бұрынғы буын үшін тұрақтылық, тұрақты жалақы және әлеуметтік пакет басты құндылық болса, қазіргі жастар үшін еркіндік, икемділік, өзін-өзі жүзеге асыру маңыздырақ сияқты. Жастар үшін жұмыс тек табыс көзі емес, сонымен қатар жеке дамудың құралы болуы керек. Ал жастар тарапынан толық жұмыс күні мұндай мүмкіндікті шектейді деп қабылданады, - деді маман.
Жұлдыз Сембина жастардың толық жұмыс күніне мотивациясының төмендігі жалқаулық емес, керісінше еңбек пен өмір арасындағы тепе-теңдікті іздеуі, дәстүрлі еңбек моделіне сын көзбен қарауы деп біледі.