Жастарға жауапты міндеттер жүктеп отырмыз – ғалым
Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері елімізде өтетін кезектен тыс Президент сайлауын қолдау мақсатында жастар форумын ұйымдастырды.
Жоғары оқу орнының даму стратегиясы, тәрбие ісі және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, саясаттану ғылымдарының докторы Арман Ақышев Президент сайлауы Қазақстанның болашаққа межеленген бағдарын айқындайды.
«Алдымыздағы саяси науқан - тәуелсіз еліміздің демократиялық дамуының іргетасы. Жастар ел болашағы болғандықтан, оларға жауапты міндеттер жүктеп отырмыз. Еліміздің қалыптасуы мен қарыштап дамуында маңызды рөл атқаратын да - осы жас буын өкілдері. Сондықтан, елімізді тізгіндейтін үміткерді таңдауда асқан жауапкершілік танытуымыз керек», - дейді Арман Ақышев.
Ауқымды шараға студенттер, оқытушылар мен жас ғалымдар қатысып, пікірлерін ортаға салды. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы жанындағы жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Рамиль Смаилов қатаралстарын сайлауға бір адамдай қатысуға шақырды.
«Біз бір үлкен механизмнің бір бөлігі екенін түсінуіміз керек. Кезектен тыс президент сайлауы өз таңдауымызды жасап, біз өз тағдырымыздың қожайыны екенімізді көрсететін мүмкіндІк дер едім. Әр дауы тарихта қалады. Дұрыс таңдау жасауымыз керек», - дейді Рамиль Смаилов.
Айта кетейік, С. Торайғыров атындағы ПМУ - еліміздегі ірі оқу орныдардың бірі. Білім беру ошағы 66 бакалавриат, 46 магистратура, төрт PhD докторантура мамандықтары бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде түрлі бағытта жоғары кәсіби кадрларды даярлайды.