Жастарға жалдамалы тұрғын үй қалай беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй беру ережелері туралы баспасөз мәжілісі өтті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет жоба ережелерін таныстырды.«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жастарға жыл сайын 3 мың пәтер салу мәселесін қолға алып, арнайы тапсырма берді. Ережеге сәйкес, бірінші кезекте жас азамат ресми түрде 29 жасқа дейінгі Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкент қаласының тұрғыны болуы тиіс. Сондай-ақ, ережеге сәйкес, жас адамның тұрақты жұмыс орны болуы және жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Себебі біз жастарға өз тұрғын үйін сатып алу үшін бастапқы жарна жинауға мүмкіндік беруге тиіспіз. Бұдан басқа, үміткердің банкте шоты болуы керек. Өйткені оның бастапқы жарна жинауға қызығушылығы болуы қажет деген оймен осындай негізгі талаптарды қойдық», - деді Мадияр Қожахмет баспасөз мәжілісі барысында.
Оның айтуынша, бұл жобаның мақсаты – жастарды өз тұрғын үйін алуға ынталандыру және қолдау көрсету.
«Сонымен қатар, үміткердің қызметтегі жетістіктері бойынша тиісті куәліктерді, растайтын құжаттарын көрсетсе, қосымша тағы жеңілдіктер беріледі. Бұл дегеніміз, ол өз мамандығында, өз саласында үлкен жетістіктерге жетіп жатса, сондай жастарға алдын ала үй беруге мүмкіндік болады. Бұған қоса, отбасы және балалар болған жағдайда қосымша балл беру қарастырылған. «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы» 2021 жылға дейін жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Бұл бірінші кезеңі болады. Оның нәтижесі негізінде әрі қарай бұл бағдарламаның кеңеюі не басқа қалаларға тарауы, немесе басқа да шешімдері қабылданады», - деді Мадияр Қожахмет.
Маманның мәліметінше, бүгінгі күнгі республикада 29 жасқа дейінгі 4 млн-ға жуық жастар тұрады. Оның 241 мыңы Нұр-Сұлтан қаласында, 700 мыңы Алматы қаласында және 260 мыңы Шымкент қаласында тұрады.
«Тапсырмаға сәйкес, осы үш қалада жыл сайын кемінде 3 мың пәтер пайдалануға беріледі. Осылайша, жуық арада барлығы 9 мың пәтер тапсырылуы тиіс. Бұл пәтерлерді жалға беру мерзімі 5 жыл деп белгіленіп отыр. Осы мақсатта республикалық бюджеттен арнайы 21 млрд теңге қаражат бөлінді. Енді үш қаланың жергілікті атқарушы органдары үй сатып алу мәселесін қолға алып жатыр. Жалға берілетін тұрғын үй сатып алу құқығынсыз беріледі және айына 10-12 мың теңгеге жалға беріледі. Ол коммуналдық төлемдерді қоспағанда. Жалға алу мерзімі 5 жыл көлемінде деп атап өттім. 5 жыл көлемін жасаған мақсатымыз – жастарға сол уақыттың ішінде өз ақшасын жинап, жекеменшік пәтер алуға мүмкіндік беру», - деді Мадияр Қожахмет.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Исландияда жанартау атқылады
Өзгелердің жаңалығы