Жастарға жалға берілетін тұрғын үйге құжат қабылдау қашан басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 5 қарашадан бастап елордада жұмыс  істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге құжаттар қабылдау басталады.

Жалға берілетін тұрғын-үйге 29 жасқа толмаған жұмыс істейтін ел азаматтары өтініш бере алады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте белгілі болды.

2019 жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 1050 пәтер, ал Шымкент қаласында 904 пәтер берілмекші. Барлығы 2021 жылдың соңына дейін 9000 пәтер беру жоспарланып отыр. 

Бұл Жастар жылы аясында үкіметтің тарапынан көрсетіліп отырған ауқымды жоба. Елбасының жыл басында берген тапырмасын іске асыру мақсатында үш қалада жұмысшы жастарға жалға пәтер беретін боламыз. Аталған тұрғын үй тек 5 жылға ғана беріледі. Яғни, 5 жылдан кейін сіз берілген тұрғын үйді босатуыңыз керек болады. Егер іріктеу өтіп, осындай тұрғын үй алсаңыз, тұрып жатқан уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде өз пәтеріңізге алғашқы жарнаға қазірдің өзінде жинақтақтауыңызды ұсынамыз. Егер бұрын тұрғын үйді жалға алу үшін ай сайын 90 000 - 120 000 теңге төлеген болсаңыз, осы тұрғын үй үшін 5 000-15 000 теңге төлейтін боласыз. Бұл 5 жыл ішінде өз тұрғын үйіңізді сатып алу үшін қаражат салуға мүмкіндік береді, - деді ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Отбасы және жастар ісі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов. 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Тұрғын-үй қорының" директоры Нұрсұлу Қожахметова өтініштер тек электронды нұсқада қабылданатынын айтты.

Тұрғын-үй қоры осы бағдарламаны жүзеге асыратын уәкілетті орган болып танылды. Бұл – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй. Мерзімі – 5 жылға. Құжаттарды "Smart Astana" порталында ЭЦП, яғни электронды қолтаңба арқылы онлайн түрде қабылдайтын боламыз. Өтініштерді қабылдау мерзімі 5 және 10 қараша күндері аралығы. Азаматтардан түскен өтінімдерді өңдейміз. Қандайда бір тізімге сай құжаттар жетіспей қалса, я болмаса олқылықтар туындайтын болса, қателіктерді жойып, толықтыру үшін тағы бір қосымша 1 күн береміз. 10 желтоқсанға дейін үміткерлердің толық тізімін жариялаймыз. Мәселен, бір жанұядан әйелі де, күйеуі де 29 жасқа толмаған болса, жұбайлардың тек біреуі ғана өтініш бере алады. Балалары бар отбасылы азаматтарға және еңбек нарығында сұранысқа ие 100 мамандық бойын қызмет ететін азаматтарға басымдық берілетін болады. Үміткерлерді іріктеу кезінде әрбір талаптар бойынша балл қойылатын болады. Өтініш берушінің кәсіби қызметінде жеткен жетістіктері, алған марапаттары, диплом мен сертификаттары ескерілетін болады, - деп мәлімдеді Нұрсұлу Қожахметова.

Баса назар аударған жөн, мемлекеттік басқа да бағдарламалар бойынша үйдің кезегінде тұрған азаматтар бұл жобаға қатыса алмайды. Егер өтінім беретін болса, бұрыңғы кезегінен автоматты түрде шығарылатын болады. Мұны қатаң ескерген жөн. 

Бұл жобаның діттеген мақсаты – жұмысшы жастарды қолдау. Бұл 5 жыл ішінде өз жағдайын жақсартып алуға мемлекет тарапынан беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Сондықтан 30 шаршы метрден 70 шаршы метр аралығында 1050 пәтер әзірленді. Критерийлерге сай ең жоғарғы балл жинаған 1050 азаматқа береміз. Жобаның ашық әрі әділетті өтетінін көрсету үшін құжаттарды электронды түрде арнайы портал арқылы қабылдап отырмыз. Сондықтан, күмәнсіз шынайы жүргізіледі. Өйткені, "Smart Astana" порталында басқа да мемлекеттік органдармен интеграция жасалған. Яғни, сіздің жеке басыңызда баспана бар ма, жоқ па, оның барлығы ЭЦП арқылы кіргенде шынайы түпнұсқасы алынады, - деп түйіндеп айтты брифингке модераторлық еткен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар бөлімінің басшысы Бақытжан Жүнісбеков.

Оның сөзіне сүйенсек, жастар бұл үйді алып, бес жыл ішінде өздері қалаған пәтерін алу үшін қаржы жинауға мүмкіндік береді. 

Осы бағдарлама жөнінде сұрап келген жастардың легі толастар емес. Күніне менің жұмыс телефоныма 10-15 қоңыраулар түседі. Бұл орайда, ерекше атап өткім келеді. Өтінім беруге қатысты сұрақтарыңызбен әкімдікке немесе Тұрғын-үй басқармасына келудің еш қажеті жоқ. Барлығы электронды түрде қабылданады. Өтінімді рәсімдеуге байланысты мәселелер туындаса, бірден call –орталық 109-ға хабарласып біле аласыздар, - деді ол.

Жалға берілетін үй елордадағы "Артем" базарының аумағында, яғни Сейфуллин мен Уәлиханов көшелерінің қиылысқан тұсында орналасқан. 

Іріктеу кезінде ұпайлар қалай есептеледі:

1. Егер Сіздің кәсібіңіз "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті орган бекіткен қажетті 100 мамандық тізіміне кіретін болса — 10 балл.
2. Отбасы болған жағдайда - 5 балл.
3. Жеке кәсіпкерлік қызметті кемінде бір жыл жүзеге асырған кезде - 5 балл, әрбір жыл үшін - 1 балл;
4. Некеде тіркелген әрбір жыл үшін - 2 балл.
5. 1 (бір) бала болған жағдайда - 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін - 2 балл;
6. Әртүрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда - 2 балл.
7. Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардағы жұмыс үшін - 5 балл, жұмыс өтілінің әр жылы үшін - 1 балл.
8. Депозиттегі жинақтардың әрбір жылы үшін - 2 балл.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы