Жасөспірімге «Қазақстан халқына» қорының бағдарламасы бойынша алғашқы экзоскелет берілді
Көп балалы отбасынан шыққан жасөспірімге «Қазақстан халқына» қорының бағдарламасы бойынша алғашқы экзоскелет берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды экзоскелеттермен қамтамасыз ету» қайырымдылық бағдарламасы аясында алғашқы экзоскелет 16 жасар Асылжан Сайлауға берілді. Ерекше жасөспірім отбасымен бірге елордада тұрады.
Асылжан – Меруерт пен Ержан Омарбековтар жанұясындағы бес баланың үлкені. Меруерт Омарбекованың айтуынша, қызы Тараз қаласында мерзімінен бұрын дүниеге келген. Сәби бір жасқа толғанда дәрігерлер церебральды сал ауруы диагнозын қойған.
Мен бағдарламашымын, ал жұбайым – заңгер. Алайда мен Асылжанды емдеумен айналысқандықтан мамандығым бойынша жұмыс істей алмадым. Жылына екі рет стационарлық ем, массаж, жаттығу терапиясы, инемен емдеу алдық. Тегін оңалту кезегі кейде өте ұзаққа созылғанда көрсетілетін қызметтерді төлеуге тура келетін. Біз ешкімге қолымызды жайған емеспіз, әрқашан өз күшімізге сеніп келдік. Әрине, өмірде түрлі қиындықтарды бастан өткердік және оның бәрі артта қалды деп ойлаймын. Асылжанға мемлекеттен ұсынылатын тегін көмектен бөлек тұрақты түрде оңалту мен емдеу қажет болды. Таразда мұндай мүмкіндік болмады. Сондықтан жұбайым елордаға жұмыс бабымен ауысқан кезде, онда Асылжанның сапалы ем алу мүмкіндігі көбірек болатынын түсіндік. Сонымен қатар қызымыз 4 жаста болды, қоғамға үйреніп, әлеуметтенуді қажет етті, балабақшаға барып, мектепке дайындалу керек болды, – дейді Меруерт Омарбекова.
2010 жылы Омарбековтар көп балалы отбасы және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы ретінде тұрғын үй кезегіне тұрды. 2019 жылы оларға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй берілді. Меруерттің айтуынша, ол екі жыл бұрын «CyberFund» қайырымдылық қоры туралы естіген. Қор халықтың жинаған қаражаты есебінен жоғары технологиялық оңалту құралдарын сатып алуға көмектеседі. Ол кезде қорға аппараттар алу өтінішімен кезек көп болды. Асылжанның отбасы үмітін жоғалтпады. Биыл «CyberFund» қайырымдылық қорының директоры Гүлзат Мырзағұлова қуанышты хабар жеткізді. «Қазақстан халқына» қоры мен «CyberFund»-пен балаларды экзоскелеттермен қамтамасыз ету туралы шарт жасасты. Құрылғы кезегімен 13 балаға берілетін тізімде Асылжан да бар.
Бұл Асылжан үшін өте маңызды, себебі ол колледжде интерьер дизайнері мамандығы бойынша оқып жатыр. Өздігінен жүре алмайды. Жақында 17 жасқа толады, ал мемлекет есебінен оңалу тек 15 жасқа дейін қарастырылған. Экзоскелет оған күнделікті үйде бұлшық еттерді, жамбас сүйектерін дамытуға мүмкіндік береді, кейіпті сақтауға және дұрыс жүруге үйретеді. «Қазақстан халқына» мен «CyberFund» қорларының бірлескен бағдарламасы Асылжанның арман-мақсатын орындауға жақындатты. Арманы – өз бетінше жүру, – дейді анасы.
Бір айдан кейін Асылжан 17 жасқа толады. Жасөспірімнің айтуынша, «экзоскелет туған күніне жасалған ең маңызды тосынсый». Өмірінде орын алған қиындықтарға қарамастан, рухы сынбаған. Енді құрылғының көмегімен кәсіби дизайнер атанып, өз алдына адамдарға үйлерін жайлы, әрі көркем ету міндетін қойды.
Бес күн бойы Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының (БОҰО) базасында Асылжан БОҰО дәрігерлерімен және «Mbionics» отандық өндіруші-компаниясының мамандарымен бірлесіп экзоскелетті сынақтан (тестілеуден, оқытудан) өткізді. Дәрігерлер аппараттың параметрлерге сәйкестігін, функционалдығы мен пациентке ыңғайлылығын бақылап, бағалады. Өйткені, БОҰО жанындағы дисциплинаралық топтың мақұлдауынан кейін ғана Асылжанға экзоскелет беруге рұқсат етілді.
Дәрігерлердің пікірінше, экзоскелеттер тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған заманауи, жоғары технологиялық оңалту құралдарының бірі, сондай-ақ аурудың негізгі диагнозы аясында басқа асқынуларды болдырмауға көмектеседі.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ақпаратынша, экзоскелеттермен қамтамасыз ету жөніндегі қайырымдылық бағдарламасы тірек-қимыл аппараты бұзылған (церебральды сал ауруы, ми жарақаттары, жұлынның зақымдануы, параплегия, бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы және т.б.) халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға арналған. Бағдарламаға аясында 13 балаға 117 млн теңге көлемінде құрылғы сатып алынады: бір экзоскелеттің құны 9 млн теңге.
Жобаның серіктесі пациенттік ұйым болып табылатын «CyberFund» қайырымдылық қоры балалардың құжаттарын әзірлеу және жинауды жүзеге асырады.
Экзоскелетті өндіруші «Mbionics» отандық компаниясы. Бағдарлама аясында салмағы 25 килограмм болатын әрбір экзоскелет әр баланың жеке қажеттіліктері мен физиологиялық параметрлерін ескере отырып жасалады. Биіктігі 130–дан 160 см-ге дейін және салмағы 60 кг-ға дейінгі балаларға арналған экзоскелет шығаралады. Экзоскелеттің қызмет ету мерзімі – 5 жыл. Өндіруші компания бір жыл ішінде аппараттың жұмысына бақылау жүргізеді.
2022 жылдың қазан айының соңына дейін тағы 3 балаға арналған құрылғыны сынақтан өткізу жоспарлануда.