Елордада ер адам жасөспірімді аяусыз соққыға жықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желілерде ер адамның жасөспірімді ұрып-соққаны туралы видео тарап кетті, деп хабарлады Almaty.tv.
Facebook-тегі «Астана, хочу похвалить/пожаловаться» тобында Алина Канасо есімді азаматша осы оқиғаға қатысты жазба қалдырған.
Оқиға Күйші Дина көшесі, №37 үйдің ауласында болған көрінеді.
«Үйдің алдында 4 жасөспірім отырған, олар ешкімге тиіспеген де, сөйлемеген де. Құрбымның айтуынша, олар бұл аулаға жиі келіп тұрады. Қатты шуламайды, ішпейді, арттарынан қоқыстарын қалдырып кетпейді. Сол күні олар (балаларды ұрып-соққан) ер адамның бақшасын қиратқан отбасы тұратын үйдің маңында отырған еді. Ер адам сол үйдің баласы деп, біреуін ұрып-соққан болар. Шынымды айтсам, видеоны қарауға қорқамын. Бір сәтте баланың омыртқасы сынып кете ме деп ойладым», - деп жазды Алина Канасо.
Оның сөзінше, ер адам мен жасөспірімдер арасында ешқандай әңгіме, дау болмаған. Елордалық полиция департаментінің өкілдері бұл жағдайға қатысты тексерістің басталғанын мәлімдеді.
«Видеодағы адамдардың бірінің аты-жөні белгілі болды, қалғандары анықталып жатыр. Тексеріс қорытындысы бойынша төбелеске қатысқандардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады», - деп атап өтті елордалық Полиция департаментінен.