Жасөспірімдердің қайырымдылыққа ақша жинауы: волонтерлік ережелері қандай?
Жақында Астанада қайырымдылық үшін жәшіктермен ақша жинап жүрген жасөспірімдер ұсталған еді. Осы оқиғадан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті волонтерлік қызметтің заңдық негіздерін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Волонтер бола алатын жастың шегі
"Волонтерлік қызмет туралы" заңға сәйкес, волонтер бола алатын тұлға – 18 жастан асқан азамат.
Кәмелетке толмағандардың қатысу тәртібі
18 жасқа толмағандар волонтерлікке тек денсаулығына, оқуына және дамуына зиян келмейтін жағдайда ғана қатыса алады. Ал 16 жасқа дейінгі балалар үшін ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімі міндетті.
Кәмелетке толмағандардың еңбегі заңмен реттеледі
Комитет қазақстандықтарға Еңбек кодексін еске салды: жасөспірімдерді жұмысқа тарту үшін міндетті түрде еңбек шарты жасалуы тиіс. Балаларды заңда тыйым салынған қызмет түрлеріне тарту әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Оның ішінде Қылмыстық кодекстің 132-бабы – кәмелетке толмағандарды құқыққа қарсы әрекеттерге тарту қарастырылған. 2024 жылы осы бап бойынша 23 құқықбұзушылық тіркелген.
Комитеттің үндеуі
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ұйымдастырушылар мен жұмыс берушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада жасөспірімдерді "қайырымдылық" қорларына ақша жинауға мәжбүрлегені хабарланған. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.